Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет туралы халықтың хабардар болу деңгейі соңғы үш жылда айтарлықтай өзгермеген. Ranking зерттеуіне сүйенсек, 2025 жылы респонденттердің 13%-ы ғана Антикор қызметінің жұмысы туралы білетінін айтқан, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Антикор қызметіне сенім жоғары, бірақ жүгінетіндер саны аз
Сапашылардың айтуынша, бұл органға көмек сұрап жүгінетіндер өте аз. Өткен жылы Антикор қызметіне азаматтардың небәрі 0,8%-ы ғана жүгінген. Салыстырмалы түрде алып қарағанда, қала тұрғындары ауыл халқына қарағанда белсендірек болған.
Соған қарамастан, халықтың Антикор қызметіне деген сенімі жоғары деңгейде қалып отыр. Сауалнамаға қатысқандардың 51,2%-ы қызметке толық сенетінін айтса, 31,4%-ы ішінара сенім білдірген. Ал сенімсіздік танытқандардың үлесі 8%-дан аспаған.
Мамандардың айтуынша, азаматтардың көпшілігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет туралы пікірін жеке тәжірибеге емес, сыртқы ақпаратқа сүйеніп қалыптастырады.
Әкімдік қызметкерлері арасында сотталып жатқандар саны артқан
2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстанда 605 жемқорлық қылмысы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда аз болғанымен, кейбір санат бойынша өсім байқалған.
Атап айтқанда, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану және лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалану фактілері көбейген.
Ал парақорлық әлі де ең кең таралған жемқорлық қылмысы болып отыр.
Осы кезеңде жемқорлық үшін 248 адам сотталған. Сарапшыларды әсіресе әкімдік қызметкерлері арасындағы өсім алаңдатып отыр.
“Бір жыл ішінде сотталған әкімдік қызметкерлерінің саны 48-ден 80 адамға дейін артқан”, – делінген зерттеуде.
Сонымен қатар ішкі істер органдары қызметкерлері арасында да 35-тен 48 адамға дейінгі өсім тіркелген. Ал Қаржы министрлігі жүйесіндегі сотталғандар саны, керісінше, азайған.
Бұдан бөлек, Қорғаныс министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және ҰҚК Шекара қызметі қызметкерлері арасында да жемқорлық фактілері анықталған.
Сарапшылардың пікірінше, жалпы жемқорлық қылмыстары азайғанымен, жергілікті атқарушы органдардағы тәуекел әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.