homepage
zakon.kz

Төрт айда Қазақстанның ЖІӨ 3,6%-ға өсті

12.05.2026, 10:19

2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 3,6%-ға өсті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректерінде айтылды,  деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Экономикалық өсімге негізгі үлесті өңдеу өнеркәсібі қосқан. Сектордағы өндіріс көлемі 9,9%-ға артқан. Әсіресе машина жасау саласы жоғары қарқын көрсетіп, өсім 23,3%-ды құрады. Бұған көлік құралдары, ауыл шаруашылығы және теміржол техникасы, электр жабдықтарын өндіру көлемінің артуы әсер еткен.

Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп 2,3 есе өскен. Жиһаз өндірісі 41,7%-ға, фармацевтика 35,2%-ға, құрылыс материалдары өндірісі 27,7%-ға, химия өнеркәсібі 18,4%-ға, азық-түлік өндірісі 14,4%-ға ұлғайған.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, төрт ай қорытындысы бойынша ең жоғары өсім – 14,5% – құрылыс саласында тіркелді . Көлік және қоймалау саласы 12%-ға, өңдеу өнеркәсібі 9,9%-ға, сауда 5,1%-ға, ауыл шаруашылығы 3,6%-ға өскен.

Мамандардың айтуынша, қазіргі экономикалық өсім құрылыс, көлік, сауда және өңдеу өнеркәсібі сияқты шикізаттық емес секторлардың күшеюіне байланысты болып отыр.