homepage
Қаржылық мониторинг агенттігі

Шымкентте колледждер арқылы 1,3 млрд теңге қаржы жымқырылған

12.05.2026, 09:38

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті білім беру саласына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тергеу мәліметінше, 2018-2023 жылдар аралығында «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» және «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» ЖШС-лерінің құрылтайшысы жалған оқыту схемасын ұйымдастырған.

Қылмыстық схемаға колледж басшылары, бухгалтерлер және өзге де қатысы бар тұлғалар тартылған. Тергеу барысында кей азаматтардың оқу орындарына тек формалды түрде қабылданып, іс жүзінде білім алмағаны анықталған. Соның арқасында мемлекеттік білім беру тапсырысы мен кадрларды қайта даярлау бағдарламалары аясында бюджеттен қаржы алынған.

Схема жалған қабылдау және жұмысқа орналастыру туралы бұйрықтар шығару, электронды цифрлық қолтаңбаларды пайдалану, сондай-ақ орындалған жұмыстар жөнінде жалған актілер жасау арқылы жүзеге асырылған.

Сонымен қатар медициналық колледждің ақылы бөлімінде оқыған кей студент мемлекет есебінен білім алушылар ретінде рәсімделгені белгілі болды.

Тергеу барысында «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» іс жүзінде жұмыс істемегені және тек бюджет қаражатын алу үшін пайдаланылғаны анықталған.

“Мемлекетке келтірілген жалпы шығын көлемі 1,3 млрд теңгеден асқан”, – делінген ҚМА хабарламасында.

ҚМА мәліметінше, схеманы ұйымдастырған тұлға бұған дейін де қаржы жымқыру ісі бойынша сотталған. Соңғы үш жыл бойы бас бостандығынан айыру мекемесінде отырғанына қарамастан, заңсыз әрекеттерді сол жерден басқарған.

“Тергеу кезінде күдіктілер 65 млн теңге көлеміндегі шығынды өз еркімен өтеген. Сот санкциясымен үш пәтерге, оның ішінде Дубайдағы пәтерге, үш тұрғын үй мен үш автокөлікке тыйым салынды”, – деді ведомство өкілдері.

Қазіргі таңда екі күдікті қамауға алынған. Тағы үш адамға қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылған.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.