homepage
Hannah McKay/REUTERS

Хантавирус шыққан круиз лайнерінен жолаушылар эвакуацияланып жатыр

10.05.2026, 17:18

Испанияға қарасты Тенерифе аралына бортында хантавирус тіркелген MV Hondius круиздік кемесі келді. Қауіпті вирус салдарынан үш адам көз жұмғаннан кейін лайнердегі жолаушыларды эвакуациялау басталды,  деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Deutsche Welle басылымының жазуынша, шШамамен 150 адам мінген кеме 10 мамырда таңертең Гранадилья-де-Абона портына испандық Guardia Civil қызметінің бақылауымен жеткен. Алайда жергілікті билік қауіпсіздік мақсатында лайнердің портқа кіруіне рұқсат бермей, оны жағалауға жақын маңда тоқтатқан.

Таңғы сағат 08:00-ден бастап жолаушылар мен экипаж мүшелерінің бір бөлігі қайықтар арқылы жағаға жеткізіліп, кейін арнайы рейстермен өз елдеріне жіберіледі. Кемедегілердің басым бөлігі – Еуроодақ елдері, Ұлыбритания, Германия және АҚШ азаматтары. 

Вирус жұқтырғандар анықталды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кемедегі барлық адамды «жоғары қауіп тобына» жатқызды. Себебі хантавирустың инкубациялық кезеңі ұзаққа созылады, ал кей адамда әзірге симптомы байқалмаған.

Тексерілген сегіз күдікті жағдайдың алтауы Андес штамы екенін растаған. Бұл – адамнан адамға жұғатын хантавирустың жалғыз түрі.

Соған қарамастан, ДДСҰ мамандары жалпы халық үшін қауіп деңгейі төмен екенін мәлімдеді.

Ұйым басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус Тенерифеге арнайы келіп, тұрғындарды сабырға шақырды.

- Бұл жаңа ковид емес, - деді ол ашық хатында.

Ауру қалай тараған?

MV Hondius кемесі 1 сәуірде Аргентинадан Атлант мұхиты арқылы круизге шыққан. 11 сәуірде бортта Нидерланд азаматы қайтыс болған. Оның жұбайы кейін Оңтүстік Атлантикадағы Әулие Елена аралында кемеден түсіп, Йоханнесбургке ұшқан. Әйел 26 сәуірде ауруханада көз жұмды.

Ал 2 мамырда кемеде Германиядан келген тағы бір жолаушы қайтыс болды. Оның денесі әзірге кемеде сақталып, Нидерландқа жеткізілмек.

ДДСҰ мәліметінше, алғашқы науқас вирус жұқтырған болуы мүмкін. Ол жұбайымен бірге бірнеше ай бойы Аргентина, Чили және Уругвайда саяхаттаған.

Хантавирус деген не?

Хантавирус – негізінен кеміргіштер арқылы тарайтын қауіпті вирустар тобы. Адам ағзасына түскен жағдайда өкпе мен бүйрекке ауыр зақым келтіруі мүмкін.

Ауру бірнеше аптадан кейін біліне бастайды. Алғашында дене қызуы көтеріліп, бұлшықет ауырып, бас сырқырайды. Кейін тыныс алу жеткіліксіздігі немесе бүйрек жұмысының ауыр бұзылыстары байқалуы мүмкін.

Мамандардың айтуынша, бұл вирусқа қарсы арнайы ем жоқ. Кейбір түрінде өлім көрсеткіші 30-40 пайызға дейін жетеді.