Өскемен қаласында бірнеше күн бұрын Үлбі өзеніне батып кеткен екінші жігіттің денесі табылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Іздеу жұмыстарын Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары жүргізген.
Ведомство мәліметінше, 2003 жылы туған азаматтың мәйіті 9 мамырда табылған.
“Ер адамның денесі оқиға болған жерден шамамен екі шақырым қашықтан, Степное ауылы маңындағы таяз судан табылды”, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, қайғылы жағдай 3 мамырда Согра шағынауданында болған. Екі жас жігіт Үлбі өзеніне шомылуға барып, екеуі де суға кеткен.
Олардың бірінің денесі бұған дейін табылса, екінші азаматты іздеу бірнеше күнге созылды.
Іздестіру жұмыстарына құтқарушылармен қатар полиция қызметкерлері мен еріктілер де жұмылдырылған. Сондай-ақ өзен жағалауын тексеру үшін дрондар қолданылған.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырып, шомылуға арналмаған жерлерге түспеуді ескертті.