homepage
Фото аашық дереккөзден

Атырауда бір отбасының өліміне қатысты тергеу аяқталды

10.05.2026, 16:14

Жангелдин ауылында бір отбасының қаза табуына байланысты резонанс тудырған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Негізгі күдікті Сұлтан Сәрсемалиев өз кінәсін мойындап, қазір Атыраудағы тергеу изоляторында сотты күтіп отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Дереккөздердің мәліметінше, айыпталушы қылмыстық іс материалдарымен толық танысып, төрт адамды өлтіру фактісі бойынша кінәсін мойындаған.

Сәрсемалиевке ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы — «екі немесе одан да көп адамды өлтіру» бабы бойынша айып тағылған.

Сонымен қатар тергеу барысында марқұм болған отбасының малын сатып жіберу және олардың банк карталарындағы қаражатты иемденуге қатысты ҚК-нің 188 және 190-баптары — «ұрлық» және «алаяқтық» бойынша да қосымша істер тіркелген. 

— Тергеу амалдарының барлығы аяқталды. Іс толықтай сотқа дайын, жақын күндері сотқа жолданады. Сот процесі осы айда басталады, — деді дереккөз.

Бұған дейін Атырау облыстық прокуратурасы психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша Сұлтан Сәрсемалиев толықтай есі дұрыс деп танылғанын хабарлаған еді. Бұл оның заң аясында толық жауапкершілікке тартылатынын білдіреді.

Тағылған айыптарды ескерсек, күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Дереккөз: Ақ Жайық