Қазақстанда Аналар күні мамыр айының екінші жексенбісінде аталып өтеді. Бұл күн – аналардың отбасы мен қоғамдағы рөлін айқындап, олардың бала тәрбиесі мен ел дамуына қосқан үлесіне назар аударудың маңызды мүмкіндігі, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мамандардың айтуынша, ерте балалық шақ бала дамуы үшін шешуші кезең болмақ. Осы ретте ананың рөлі тек отбасы шеңберімен шектелмей, баланың эмоциялық тұрақтылығы мен сапалы күтіміне тікелей әсер етеді.
Аналар мойнына артылған жүктеме
Қазақстандық қоғамдық даму институтының дерегіне сәйкес, балалармен тұрақты түрде уақыт өткізетіндердің 44,5%-ы әйелдер болса, ерлердің үлесі 25,6%-ды құрайды.
Соңғы жылдары Қазақстанда ана болуды кейінге қалдыру үрдісі байқалады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2000-2025 жылдары ана болудың орташа жасы 26-дан 29 жасқа дейін өскен. Сонымен бірге туу көрсеткіші де төмендеп келеді: 2020 жылы 1000 адамға шаққанда 22,75 болса, 2025 жылы 16,43-ке дейін азайған.
Зерттеулер қазіргі таңда ана болу тек бала туу емес, күнделікті күтім мен тәрбиеге үлкен жауапкершілік жүктейтінін көрсетеді.
Әйелдердің 52,2%-ы екінші ата-ананың, яғни әкенің бала тәрбиесіне жеткілікті қатыспауын өзекті мәселе деп санайды. Әсіресе көпбалалы отбасыларда балаға күтім жасау жүктемесі көбіне ананың мойнына түседі.
Сонымен қатар аналар отбасылық міндет пен жұмысты қатар алып жүруде түрлі қиындықтарға тап болады.
Әйелдердің 27%-ы бала күтіміне байланысты жұмысынан кетуге мәжбүр болғанын айтқан. Көпшілігі ана болуды мансаптық өсу мен кәсіби дамуға кедергі келтіретін фактор ретінде қабылдайды.
Аналарға мемлекеттен қандай қолдау бар?
Мемлекет ана мен баланы қолдау бағытында бірқатар шараны іске асырып келеді. Әлеуметтік кодекс аясында бала күтімі бойынша төлем мерзімі 18 айға дейін ұзартылып, көпбалалы аналарға, балалы отбасыларға және ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға арналған жәрдемақылар жүйелендірілді.
Қазақстандықтардың басым бөлігі көпбалалы аналарға арналған жәрдемақы, бала күтімі төлемдері және декреттік демалыс туралы жақсы хабардар.
Осылайша, қазіргі қазақстандық отбасындағы ана – тек отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамның тұрақты дамуына әсер ететін маңызды әлеуметтік күш.
Сондықтан Аналар күні аналарға құрмет білдірумен қатар, олардың өмір сапасын жақсарту мен қолдау тетіктерін талқылаудың да маңызды алаңы болып қала береді.