homepage
Depositphotos.com

Әскери қызметшіге арналған қандай жеңілдетілген ипотекалар бар?

09.05.2026, 17:39

Қазақстанда әскери қызметші екі жеңілдікті мемлекеттік ипотекалық бағдарлама арқылы тұрғын үй сатып ала алады. Екеуі де Отбасы банкте рәсімделеді және тұрғын үй төлемдеріне байланысты болады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Krisha.kz жазуынша, тұрғын үй төлемдері деген не, әскери қызметші үшін қандай ипотекалар бар және қандай кемшіліктерін алдын ала білу керек екенін түсіндіреміз.

Тұрғын үй төлемдері деген не?

Бұл — мемлекет тарапынан төленетін ақша. Ол ай сайын әскери қызметшінің арнайы шотына түсіп отырады.

Тұрғын үй төлемін алу үшін қызмет өтейтін жер бойынша рапорт тапсыру керек. Тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрғаны туралы анықтаманы қоса беру қажет.

Төлем мөлшері тұрақты емес, өңірге және отбасы құрамына байланысты өзгереді.

Ақшаны тек үш мақсатта пайдалануға болады:

  1. Тұрғын үй жалға алу — жалға алу келісімшартын мемлекеттік органда тіркеу.
  2. Бөліп төлеу немесе ипотека арқылы тұрғын үй сатып алу.
  3. Отбасы банкте (тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы) жинау.

Барлық мақсатты ресми түрде растау керек, әйтпесе төлем жасалмайды.

Әскери қызметшілер үшін қандай жеңілдетілген ипотекалар бар?

Қазақстанда әскери қызметшілер үшін Отбасы банк екі бағдарлама ұсынады:

  1. «Наурыз әскери» — бірінші нарықтан (құрылыс салушыдан) пәтер сатып алу.
  2. «Әскери баспана» — екінші нарықтан баспана алу.

«Наурыз әскери»

Шарттары:

  • мөлшерлеме: 9%, 8 жылдан кейін 5%-ға дейін төмендейді;
  • бастапқы жарна (БЖ) : 0–50%;
  • несиенің максимал сомасы бастапқы жарнаға байланысты:
    — 0–20% БЖ: Алматыда, Астанада 36 млн теңге, өңірлерде — 30 млн теңге;
    — 20–50% БЖ: барлық жерде 80 млн тг-ге дейін;
  • тұрғын үйді Baspana Market (otbasybank.kz) арқылы таңдау.

Маңызды: бастапқы жарна неғұрлым жоғары болса, несие сомасы да соғұрлым көп болады.

Артықшылықтары: бастапқы мөлшерлеме төмен, кейін төмендейді.
Кемшілігі: көбіне пәтер әрленбеген, жөндеу қажет.

«Әскери баспана»

Шарттары:

  • мөлшерлеме: 18%, 8 жылдан кейін 5%-ға дейін төмендейді;
  • бастапқы жарна: 20–50%;
  • қарыз мөлшері: 50 млн теңгеге дейін;
  • тұрғын үйді өзіңіз іздейсіз.

Артықшылықтары: бірден қоныстануға болады, жөндеу жұмыстары қажет емес.
Кемшілігі: бастапқы мөлшерлемесі жоғары.

Кім қатыса алады?

Бағдарламалар тек тұрғын үй төлемін алатындарға қолжетімді. Оларға мынадай әскери қызметкерлер кіреді:

  • Қорғаныс министрлігі;
  • ІІМ;
  • ҰҚК;
  • ТЖМ;
  • мемлекеттік күзет қызметі;
  • әскери прокуратура және басқа ведомство.

Қалай ипотека алуға болады?

Маңызды: өзіңіз өтінім бере алмайсыз. Тек әскери қызметші жұмыс істейтін құрылым ұсынатын тізім арқылы кіруге болады.

Схема мынадай:

  1. Ведомство қатысушылар тізімін жасайды.
  2. Оны Отбасы банкке жолдайды.
  3. Әскери қызметшіге SMS келеді.
  4. Содан кейін ипотекаға өтінім жібере алады.

Қандай қиындықтар бар?

Негізгі мәселе — тұрғын үй төлемін алатындардың бәрі тізімге кіре бермейді. Себептер: шектеу, кезек, ведомство ішіндегі басымдық.

Көбіне көпбалалы отбасылар немесе ерекше статусы бар әскери қызметшілер бірінші өтеді.

Қалғандары төлем алса да, ипотека рәсімдей алмауы мүмкін.

Бағдарламаға кіре алмаса не істеуге болады?

Отбасы банктің жинақ жүйесін қолдануға болады. 

Тұрғын үйге ақша жинап, 3.5–5% мөлшерлемемен ипотека алуға немесе басқа бағдарламаларды қарастыруға мүмкіндік бар.