homepage
фото ашық дереккөзден

Кене шаққандар саны көбейді: мамандар сақтану жолдарын түсіндірді

09.05.2026, 16:43

Қазақстанда соңғы бір аптада кене шағуына байланысты 1515 адам дәрігердің көмегіне жүгінген. Ең көп жағдай Шығыс Қазақстан облысы, Алматы және Алматы облысы өңірлерінде тіркелген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мамандарының айтуынша, кене арқылы адамға бірнеше қауіпті ауру жұғуы мүмкін. Олардың қатарында кене энцефалиті, Лайм ауруы және Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бар.

Бұл дерттердің алғашқы белгілері тұмауға ұқсайды: дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пен бұлшықет ауруы байқалады.

Сондықтан дәрігерлер кене шаққаннан кейін денсаулықты мұқият бақылауға кеңес береді.

Кене шақса не істеу керек?

Дәрігерлер кенені байқасаңыз, бірден медициналық мекемеге жүгінуді ұсынады.

Егер аурухана алыс болса, кенені пинцетпен немесе арнайы қысқышпен теріге жақын жерден ақырын тартып шығару қажет. Кейін шаққан жерді антисептикпен өңдеп, қолды сабындап жуу керек.

Мамандар кенені қолмен жаншуға, күрт жұлып алуға немесе май, спирт секілді заттарды қолдануға болмайтынын ескертеді. Бұл инфекция жұқтыру қаупін арттыруы мүмкін.

Қандай белгілер қауіпті?

Кене шаққаннан кейін 30 күн бойы денсаулықты бақылау маңызды. Егер дене қызуы көтерілсе, бас ауырып, әлсіздік пайда болса немесе теріде қызару мен бөртпе байқалса, дереу дәрігерге қаралу қажет.

Мамандардың мәліметінше, кене энцефалитінен қорғанудың ең тиімді жолы – вакцина алу.

Ал табиғатқа шыққанда жабық киім киіп, репелленттер қолдану ұсынылады. Әсіресе орманды, шөп қалың өскен аймақтарда сақтық шараларын күшейту қажет.