homepage
Depositphotos.com / BiancoBlue

Қазақстанда қанша электромобиль бар

09.05.2026, 12:41

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда электрлі қозғалтқышы бар 31 100 көлік құралы тіркелген. Оның ішінде 23 876 жеңіл автомобиль, 149 жүк көлігі, 500 автобус, 28 мотоцикл, 1 310 А1 санатындағы техника (электроскутер және т.б.) бар, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қай өңірде электромобиль көп?

Электрлі көлік құралының саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Мегаполисте 14 950 жеңіл электромобиль, 63 жүк көлігі, 255 электробус, 498 электроскутер және 7 электромотоцикл бар.

Екінші орында — Астана қаласы: елордада электромотормен жүретін 2 754 жеңіл машина, 23 жүк көлігі, 114 автобус, 69 скутер және 5 мотоцикл тіркелген.

Үшінші орында — Алматы облысы. Өңірде 1 553 жеңіл көлік, 16 жүк көлігі, 154 скутер, 2 мотоцикл және 1 автобус бар.

Статистика бойынша электрокар саны Абай облысында ең аз. 2026 жылғы 1 сәуірде бұл өңірде небәрі 65 жеңіл автомобиль, 32 скутер және 1 мотоцикл тіркелген.

Электромобиль саны қалай өсті?

Тура бір жыл бұрын, 2025 жылғы сәуірде Қазақстанда 14 266 электромобиль болған (13 718 — жеңіл көлік, 370 — жүк көлігі, 178 — автобус). Яғни, биылғы көрсеткіш былтырғыдан екі есе көп.

Елімізде электрлі көлік құралының күрт көбеюіне электрокарларды жеке пайдалану үшін кедендік алым мен ҚҚС төлемей әкелуге берілген жеңілдік әсер еткені анық. Бірақ мұндай машиналарды ЕАЭО-ға мүше басқа елдерге сатуға болмайды.

Квота 2025 жылдың күзінде таусылғанымен, жеңілдік мерзімі ұзартылған жоқ. Өйткені ДСҰ тарифі бойынша елімізге электромобильдерді кедендік алымсыз әкелуге мүмкіндік бар.

Дереккөз: kolesa.kz