Қазақстанда банк салымдарының бірнеше түрі бар. Соның ішінде ең жоғары табыс әкелетіні – жинақ депозиттері. Мұндай салымдарды қазақстандықтар көбіне ірі сатып алуларға немесе ұзақмерзімді мақсаттарға ақша жинау үшін таңдайды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жинақ депозитінің басты артықшылығы – пайыздық мөлшерлемесінің жоғары болуы. Алайда мұнда белгілі бір шектеулер бар, яғни ақшаны мерзімінен бұрын алу үшін банкке алдын ала өтініш беріп, 30 күн күту қажет.
Ranking зерттеуіне сйүенсек, қазіргі таңда Қазақстандағы ірі банктердің ішінде мұндай депозиттерді 7 банк: Halyk Bank, Банк ЦентрКредит, Freedom Bank, Bereke Bank, Еуразиялық банк, Bank RBK және Alatau City Bank ұсынады.
6 айлық депозиттер арасында ең жоғары мөлшерлемені Еуразиялық банк ұсынып отыр. «TURBO Deposit Накопительный» өнімі бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 20,5%-ға дейін жетеді.
Одан кейін Bank RBK пен Freedom Bank тұр. Екі банктің де жылдық мөлшерлемесі – 20%. Бірақ депозит ашу үшін қажет ең төменгі сома әртүрлі: Bank RBK-де – 15 мың теңге, ал Freedom Bank-те – 500 мың теңге.
12 айлық депозиттер бойынша да көш басында Еуразиялық банк тұр. Бұл банк жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін 20,5% деңгейінде ұсынып отыр. Сарапшылар мұны уақытша акциямен байланыстырады.
2026 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша, қазақстандықтардың банктердегі депозит көлемі 28,2 трлн теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,5%-ға көп.
Сарапшылардың айтуынша, қазақстандықтар депозитті әлі де ақша сақтаудың және көбейтудің ең сенімді тәсілдерінің бірі деп санайды.