Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Мәскеуде кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастық пен алдағы жоспарларды талқылады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Ресей Президентінің мамыр айының соңына жоспарланған Қазақстанға мемлекеттік сапарына ерекше мән берілетінін айтты. Сондай-ақ Владимир Путинге қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс білдіріп, Ресей халқын Ұлы Жеңістің 81 жылдығымен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
Президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстанда соғысқа қатысқан 57 ардагер ғана қалған.
Кездесу барысында екі ел арасындағы экономикалық байланыстар да сөз болды. Тоқаев Ресей Қазақстан экономикасындағы басты инвесторлардың бірі екенін айтты. Биыл екі ел арасындағы тауар айналымы 30 миллиард доллардан асуы мүмкін.
Президент білім беру, туризм және гуманитарлық байланыстардың да дамып келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, «Сириус» мектептері Қазақстанның бірнеше қаласында ашылған. Ал өткен жылы Қазақстанға ең көп турист Ресейден келген.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы алдағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес саммитінің нәтижелі өтетініне сенім білдірді. Ол Владимир Путиннің Қазақстанға сапары саяси әрі тарихи тұрғыдан маңызды оқиға болатынын айтты.