“Саяхат - әлеммен қатар өзіңді танудың, таным кеңейтудің таптырмас жолы” деген пікірді жиі естейміз. Саяхатқа шығып, басқа адам болып оралу туралы стоителлиңдердің де түр-түрі бар. Жиілегені сонша, “Бұл ақиқат па, әлде маркетиң бе” деген күмән де пайда болды. Орайы туып, реті келсе, саяхаттағанға не жетсін... Бірақ бүгін саяхаттың ел экономикасына пайдасы туралы ой қозғамақпыз.
Ежелгі замандағы өркениет ошағы болған, алғашқылардың бірі болып жазу жүйесін, сәулет өнерінің жауһарларын паш еткен Мысыр, өкінішке қарай, ежелгі замандағы жетістігімен ғана мақтана алады. Алайда бүгінде ғылым мен технологиясы кенжелеп қалса да, бірнеше ғасыр бұрын соғылған Хеопс пирамидасының, ертеректе қалыптасқан мәдениеті әлі де түгел халықты асырай алатын азық болып отыр. Туризммен күнелтіп отырған жалғыз Мысыр емес, 2010 жылғы экономикалық кризистен кейін Грекия да біразға дейін туризмнің арқасында пайда тапты.
ТУРИЗМНІҢ ЭКОНОМИКАҒА ҮЛЕСІ ЗОР
Қазақстандықтар жиі баратын бауырлас Түркия туризмнен 2022 жылы 46,6 млрд АҚШ доллары, ал 2023 жылы 54,3 млрд АҚШ доллары пайда тапқан. Ал Тайланд Корольдігінің қазынасына 2023-2024 жылғы жаңажылдық демалыс кезінің өзінде 1,6 млрд АҚШ доллары көлемінде пайда түскен. Көріп отырғанымыздай, экономиканы жетілдіру туралы сөз қозғалса, шикізат, өндіріс пен технология тақырыптарымен қатар туризм мәселесі де қатар тұруға толық негіз бар.
Елімізде туризм саласына Туризм және спорт министрлігі жауапты. Туризмді дамыту ұзақмерзімді әрі экономика үшін тиімді жоспар екені Парламент мінберінде, Мемлекет басшысының Жолдауында жиі айтылады. “Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы” да бекітілген. Инвестициялық жобалар да аз емес. 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған “Астана туристік ауданы” салынып жатыр. Жобаның жалпы құны – 194 млрд теңге. Ел батысында “Каспий ривьерасының” құрылысы жүріп жатыр. Жобаға 137,4 млрд теңге салынған. 2026 жылға қарай аяқталуы жоспарланып отыр.
БИЫЛ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАНША ТУРИСТ КЕЛГЕН?
Нәтиже қандай? Премьер министрдің баспасөз қызметі 2024 жылдың 9 айында елге 11,5 миллион шетелдік турист келді деп мәлімдеді. Олардың 969 мыңы қонақ үй, хостелдерде тұрақтаған. Одан түскен пайда 224 млрд теңгені (430,7 млн АҚШ доллары) құрап отыр. Ал туризм секторынан ел экономикасына жалпы 7 млрд АҚШ доллары көлемінде қаражат түскен. Бұл былтырға қарағанда 27 пайызға өсіпті. Биыл елімізде “Көшпенділер ойыны” мен Димаш Құдайбергеновтің жеке концерті өткенін айта кетейік.
Шетелдік туристерді айтпағанда ішкі туризм мәселесі де мәз емес. Өзі туған аймақтан асып көрмеген азаматтарымыздың саны саяхаттайтын азаматтарға қарағанда әлдеқайда көп екені айтпаса да белгілі. Inside Travel туристік зерттеу компаниясының негізін қалаушы Еркін Тікенов ел ішінде саяхаттаған қазақстандықтардың саны биыл 5,5 миллионды құрады деген мәлімдеме жасады. Бұл былтырға қарағанда 550 мыңға көбірек көрсеткіш. Қазақстандықтар жиі баратын жерлер қатарында: Алакөл, Бурабай, Балқаш пен Каспий теңізі.
СПОРТ – СЕБЕП, ТУРИЗМ - БОНУС
Туризмнің әлі де тұралап тұрғаны сандардан белгілі. Кейінгі кезде спорт жарыстарына деген қызығушылық та артты. Ironman, Oceanman сияқты түрлі марафон үшін шетелге барып жатқан азаматтарды жиі көреміз. Бірнеше қаланы жалғайтын үлкен дистанцияға жүгіретін марафондар, Ironman секілді жүзуге көл, веложол талап ететін марафондар бар. Шетелден арнайы келген туристердің негізгі мақсатынан бөлек, келген елдің мәдениетіне, табиғатына деген қызығушылықтың туындары сөзсіз. Осы ретте Nomad Run көшпенділер марафонының ұйымдастырушысы Марғұлан Ермағамбетовтің пікірін сұрадық. Былтыр ұйымдастырылған ультрамарафон аясында 5 ультрамарафоншы бір айда 7500 шақырым жүгіріп өтіп, еліміздің 18 ірі қаласы мен 100 елдімекенін қамтып өтті.
“Негізгі мақсатымыз – салауатты өмір салтымен қатар ішкі туризмді дәріптеу еді. Марафон апробация ретінде алғаш рет өткізілді. Еуропадағы марафондар тек спорт пен денсаулықты ғана мақсат етпейді, саяхаттау мүмкіндігі қатар туғандықтан да қызық. Осы бағытты елімізде де дамыту керек деп ойладым. Марафон ұйымдастырмас бұрын, 2022 жылы өзім Алтайдан Атырауға дейін 1800 шақырып жүгіріп өттім. Осындай креатив идея арқылы туризм мен салауатты өмір салтына назар аудартқымыз келді. Республикалық трасса бойымен жүгіргендіктен, бірқатар елді мекенге соғуға мүмкіндік болды. Соғып өткен аймақтарда жастарға жүгіру мәдениеті туралы ойымызды айтып, өз мысалымызда көрсеттік. Tour de France сияқты шаралар адамдарға қызық, сондықтан мұндай шарада да сәтті болады деп ойлаймын. Әр елден 5 адамнан құралған бір командадан қатыса алады. Республикамыздың территориясы мұндай алыс қашықтықтағы марафондарды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Елімізде жарнамаланбаған, тасада қалған талай әдемі жер бар. Оларды да насихаттаудың жақсы жолы деп ойлаймын”, - дейді марафоншы Марғұлан Ермағамбетов.
МАРАФОН – ТУРИЗМДІ ДАМЫТУДЫҢ ҚОСЫМША ЖОЛЫ
Марғұлан Ермағамбетовтің айтуынша марафондарды туризм дамытудың тетігіне айналдыруға толық негіз бар.
“Негізі марафоншылар арасында “трассалар коллекциясы” деген ұғым бар. Сондықтан Бостон, Лондон, Мюнхен марафондары сияқты танымал марафондармен қатар енді дамып жатқан марафондарға да қуана қатысады. Жаңа трассаларды көру де өзіндік бір ләззат сыйлайды. Елімізде Алматы марафоны танымал. Келіп жатқан еуропалықтардың да саны біршама. Бір өкініштісі, бізде сыртқы маркетиңге көп көңіл бөлінеді. Шетелдіктерді тартуға үлкен мән беріледі, ал өз отандастарымыздың ел ішінде саяхаттауы екінші кезекте қалып қоятындай. Одан бөлек, “өзіміздегіні көрмейтін” тағы бір жаман қасиетіміз бар. Саяхат дегенде міндетті түрде басқа елге бару керек деп ойлаймыз. Тайланд пен Мальдив аралдарына барған қазақстандықтардың саны биыл екі есе артқан. Бұған әлеуметтік желілердің де әсері бар. Сондықтан да марафон, салауатты өмір салтын қатар ұстанатын алыс қашықтықтағы марафондар да туризмді дамытуға үлес қоса алады деп толық сеніммен айта аламын”, - дейді марафоншы.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.