Қаржылық мониторинг агенттігі Астана қаласы бойынша департаменті Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен экологиялық стандарттарға сай келмейтін көлік құралдарын заңсыз импорттау дерегі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Заңсыз импорт схемасы қалай жүзеге асқан?
Тергеу мәліметінше, бір топ тұлға өз бақылауындағы бірнеше ЖШС арқылы «Еуро-2» экологиялық класына жататын FAW маркалы жүк көліктерін Қазақстанға заңсыз әкелуді ұйымдастырған.
Бұл көліктерді әкелуге еліміздегі қолданыстағы экологиялық талаптарға сәйкес, «Еуро-4» және одан жоғары стандарттан төмен техниканы импорттауға тыйым салынғанына қарамастан, рұқсат етілмеген схема арқылы жеткізген.
Көліктер Қытай Халық Республикасынан сыртқы экономикалық келісімшарттар негізінде әкелініп, кедендік рәсімдеу кезінде жалған құжаттар пайдаланылған.
Атап айтқанда, көлік құралдарының қауіпсіздік сертификаттарында (СБКТС) әдейі «Еуро-5» стандарты көрсетілген.
Қанша техника әкелінген?
Заңсыз әрекет салдарынан ел аумағына жалпы құны 284 млн теңгеден асатын 20 бірлік арнайы жүк көлігі заңсыз кіргізілген.
Кейін бұл техника аффилиирленген компаниялар арқылы қайта сатылып, мемлекеттік сатып алу жүйесі аясында 600 млн теңгеден астам сомаға жеткізілгені анықталды.
Тергеу нәтижесі
Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне шектеу қойылды. Атап айтқанда, 9 автокөлік пен 1 пәтерге тыйым салынды.
Бір күдікті қамауға алынса, тағы екі адамға елден шығуға тыйым салу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Өзге деректер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Мамандардың айтуынша, «Еуро-2» стандартына сай келмейтін көліктер атмосфераға зиянды қалдықтарды бірнеше есе көп бөледі. Бұл ауа сапасының нашарлауына әсер етіп, халық денсаулығына да елеулі қауіп төндіреді.