Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Құжаттың негізгі мақсаты – Алатау қаласының қарқынды әрі тұрақты дамуына жағдай жасау, , деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жаңа заң аясында қала үшін инвестиция тарту, инновацияны дамыту және экономикалық өсімді қамтамасыз ететін ерекше экожүйе қалыптастырылады.
Сондай-ақ кәсіпкерлік, кеден ісі, цифрлық активтер, қаржы нарығы, қала құрылысы, экология, мәдениет пен спорт сияқты салаларды реттеудің жаңа қағидалары енгізілді.
Басқару жүйесі мен цифрлық инфрақұрылым
Құжатқа сәйкес, Алатауды басқарудың жаңа моделі енгізіледі. Қалада «ақылды қала» тұжырымдамасы дамытылып, барлық инфрақұрылым мен қоғамдық қауіпсіздік жүйелері бірыңғай цифрлық платформаға біріктіріледі.
Сонымен қатар «Алатау резиденті» деген арнайы құқықтық мәртебе бекітілді. Бұл мәртебе жеке және заңды тұлғаларға беріліп, олардың құқықтары мен міндеттері арнайы режим шеңберінде айқындалады.
Инвестиция және ұзақмерзімді даму
Алатаудың ұзақ мерзімді дамуы арнайы стратегиялық құжаттар арқылы қамтамасыз етіледі. Оның ішінде даму жоспары, мастер-жоспар және стратегиялық бағдарлар бар.
Заңда инвестициялық климатты жақсарту, инвесторларға берілетін кепілдіктер, салық-бюджет саясаты және жер қатынастары да қамтылған.
Жаңа құқықтық режим қалаға халықаралық деңгейдегі инвестициялық және технологиялық орталық ретінде дамуға мүмкіндік бермек.
Конституциялық заңның толық мәтіні ресми басылымдарда жарияланатыны хабарланды.