8 мамырда Астана – Франкфурт бағыты бойынша ұшқан Air Astana әуе компаниясының ұшағы техникалық ақауға байланысты Ақтөбе әуежайына қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Әуе компаниясының мәліметінше, KC921 рейсі Астанадан таңғы сағат 08:54-те ұшып шыққан.
Ұшу кезінде экипаж қозғалтқыштардың бірінен ақау анықтап, PAN-PAN шұғыл дабылын жариялаған.
Осыдан кейін ұшақты Ақтөбедегі қосалқы әуежайға қондыру туралы шешім қабылданған.
Ұшақта 93 жолаушы болған
Көлік министрлігінің хабарлауынша, бортта 93 жолаушы (оның ішінде 4 бала мен 1 нәресте) және экипаждың 9 мүшесі болған.
“Airbus A321 ұшағы Ақтөбе әуежайына жергілікті уақытпен 11:34-те штаттық режимде сәтті қонды. Ұшақ тұрақ орнына өздігінен жеткен. Оқиға кезінде әуежайдың авариялық-құтқару қызметтері толықтай жұмылдырылды”, – делінген ведомство хабарламасында.
Алдын ала мәлімет бойынша, авиациялық оқиғаға әуе кемесінің күштік қондырғысындағы техникалық ақау себеп болған.
Зардап шеккендер жоқ, ұшақтың зақымданғаны туралы ақпарат тіркелмеген.
Оқиғаға бойынша тергеу жұмысы басталады
Қазақстанның Көлік министрлігі бұл жағдайды «ауыр инцидент» ретінде тіркеп, арнайы тергеу басталатынын мәлімдеді.
Оқиға орнында алғашқы тексеру жұмыстарын жүргізу үшін министрлік мамандары жіберілді.
Ал жолаушыларды межелі жерге жеткізу үшін Air Astana Алматыдан резервтік ұшақ бөлді.
Компания мәліметінше, Ақтөбеден Франкфуртқа ұшу 8 мамырда сағат 14:20-ға жоспарланған.