2026 жылы Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің жиынтық капиталы 60,8 млрд долларға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп көрсеткіш, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Forbes Kazakhstan жариялаған рейтингте биыл жаңа миллиардерлер қосылып, бизнес құрылымында өзгерістер байқалды.
Рейтингті кімдер бастап тұр?
Биылғы рейтингте бірінші орынды Вячеслав Ким сақтап қалды. Оның капиталы қаржы және банк саласындағы активтерінің өсуі есебінен ұлғайған.
Ең бай кәсіпкерлердің алғашқы ондығы:
Forbes мәліметінше, рейтингтегі кәсіпкерлердің орташа капиталы 811 млн долларға жеткен.
Сарапшылар соңғы жылдары капиталдың тек мұнай-газ немесе металлургияда ғана емес, құрылыс, қаржы технологиялары, логистика және автонарықта да қарқынды өсіп жатқанын айтады.
Жаңа миллиардерлер пайда болды
Биылғы рейтингтің басты ерекшелігі – соңғы бес жылда алғаш рет Қазақстанда жаңа миллиардерлердің пайда болуы. Тізімге автонарық өкілі Нұрлан Смағұлов пен құрылыс саласының серкесі Айдын Рахымбаев енді.
Нұрлан Смағұловтың байлығы 1,3 млрд доллар деп бағаланса, Айдын Рахымбаевтың капиталы 1,1 млрд доллардан асты.
Сарапшылар мұны Қазақстандағы капиталдың тек шикізат секторында емес, құрылыс, инфрақұрылым және автокөлік өндірісі секілді салаларда да өсіп жатқанымен байланыстырады.
Биылғы тізімге бірнеше жаңа есім қосылды. Олардың арасында құрылыс және инфрақұрылым жобаларымен айналысатын 35 жастағы Шахмұрат Мүтәліп бар.
Сондай-ақ SCAT әуе компаниясының серіктесі Владимир Сытник, білім және агробизнес саласындағы кәсіпкер Айғазы Құсайынов, Qazaq Bitum акционері Бекжан Мәмит, девелопер Юрий Цхай және агрохолдинг иесі Бахтияр Оспанов рейтингке алғаш рет кіріп отыр.
Ірі мәмілелер мен бизнес құрылымындағы өзгерістер
2026 жылы елдегі ірі активтерді қайта бөлу үрдісі күшейді. Соның бірі – «Қазақмыс» корпорациясына бақылау жасау құқығының ауысуы. Компанияны ұзақ жылдар бойы басқарған Владимир Ким мен Эдуард Огай активті Нұрлан Артықбаевтың құрылымдарына өткізді.
Телекоммуникация саласында да өзгерістер болды. «Транстелеком» компаниясындағы бақылау пакеті Нұрәлі Әлиевтің құрылымдарынан Ғалымжан Есеновтың компаниясына өтті. Кейін бұл активті Тимур Турловтың құрылымдары сатып ала бастағаны белгілі болды.
Сарапшылардың пікірінше, алтын өндіру, құрылыс, логистика және технология секторлары алдағы жылдары қазақстандық бизнестің негізгі өсім нүктесіне айналмақ.
Сонымен қатар кәсіпкерлер халықаралық нарыққа шығып, шетелдік жобаларға да белсенді инвестиция сала бастаған.