Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжаттың күшіне енуі 2026 жылғы 1 шілдеге жоспарланып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, жаңа Құрылтай тарихи үлгіні қайталау емес, керісінше заманауи мемлекеттік басқару жүйесіндегі заң шығарушы жоғары өкілді орган ретінде қалыптасады.
“Құрылтайдың заңдарды қабылдау, мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысу және парламенттік бақылаудың тетіктерін жүзеге асыруды қамтитын құзыреті белгіленеді. Бұдан басқа, заң жобасы Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды", – деді Айдос Сарым.
Заң жобасына сәйкес, Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Олар пропорционалды жүйе арқылы 5 жыл мерзімге сайланады. Құрылтай заң қабылдау, мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысу және парламенттік бақылау функцияларын жүзеге асыратын орган ретінде айқындалады.
Сонымен қатар құжат Құрылтайдың мемлекеттік билік жүйесіндегі орнын, құрылымын, қызмет ету қағидаттарын және Үкіметпен өзара іс-қимыл тәртібін реттейді. Оның құрамына Төраға, Бюро, комитеттер мен комиссиялар кіреді.
Жаңа модельге сәйкес, Құрылтай Парламенттің құқықтық мирасқоры болып танылады. Заң қабылданған жағдайда қазіргі Парламент туралы конституциялық заңдар өз күшін жояды.
Заң жобасын талқылау және екінші оқылымға дайындау үшін арнайы бірлескен комиссия құрылды. Оның құрамына Мәжіліс пен Сенат депутаттары кіріп, төрағасы болып Марат Башимов сайланды.
Отырыста сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасы да қаралып, бірінші оқылымда мақұлданғаны атап өтілді.