homepage
Видеодан кадр

Павлодарда бүлдіршіндерге зорлық-зомбылық көрсеткен тәрбиеші сотталды

08.05.2026, 12:49

Павлодар қаласында балабақша тәрбиешісіне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Прокуратура мәліметінше, әйел 2–2,5 жастағы 16 балаға зорлық көрсеткені үшін кінәлі деп танылды.

“Тәрбиеші балаларға жүйелі түрде күш қолданған: ұрып-соғып, шашынан тартқан, лақтырып жіберген. Соның салдарынан балаларға физикалық және психологиялық зиян келген”, – делінген хабарламада.

Мемлекеттік айыптаушы сотта айыпталушының кінәсін дәлелдейтін айғақтарды ұсынып, істің ауыр мән-жайын атап өтті.

Сот шешімімен 2026 жылғы 17 сәуірде тәрбиешіге 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар ол 3 жыл бойы педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Жаза өтеу мерзімі кейінге қалдырылған.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.