homepage
Ақорда

Жаңа заң жобасы мақұлданды: Президент қызметінде не өзгереді

08.05.2026, 11:37

Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Сонымен қатар құжатты ары қарай қарайтын бірлескен комиссияның құрамы бекітілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Заң жобасы Президент пен Вице-президенттің құқықтық мәртебесін, сондай-ақ Мемлекет басшысының мемлекеттік билік тармақтарына қатысты өкілеттіктерін нақтылайды.

Жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындау тәртібі

Жаңа заң жобасында лауазымды тұлғаларды қызметке қоюдың екі түрлі тетігі көрсетілген:

  1. Президент дербес тағайындайтын тұлғалар: Бас прокурор, ҰҚК төрағасы, Конституциялық сот төрағасы, Жоғары аудиторлық палата басшысы, ОСК төрағасы, Ұлттық банк төрағасы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы.

  2. Құрылтай келісімімен тағайындалатын тұлғалар: Вице-президент, Премьер-министр, Конституциялық соттың 10 судьясы, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесі және ОСК-ның 6 мүшесі.

«Өкілеттіктердің бұлайша бөлінуі орынды. Мемлекет басшысы елдің даму векторын айқындай отырып, стратегиялық маңызды органдардың басшыларын тағайындауға құқылы», — деп атап өтті Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов.

Жаңа заң жобасы Президенттің халық пен мемлекеттік билік бірлігінің символы ретіндегі мәртебесін нығайтып, билік институттарының үйлесімді жұмысын регламенттеуге бағытталған.

Вице-президент институты: не өзгереді?

Отырыс барысында Вице-президент институтына қатысты да түсініктеме берілді. Бұл қызметке үміткерді Мемлекет басшысы Құрылтайдың келісімімен тағайындайды.

  • Вице-президент дербес мемлекеттік органды басқармайды.
  • Ол Президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де органдармен өзара іс-қимыл жасауда Мемлекет басшысының атынан өкілдік етеді.

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтің айтуынша, жаңа Президент сайланған жағдайда Вице-президенттің өкілеттігі автоматты түрде тоқтатылмайды. Бұл басқару жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет.

Заң жобасы бойынша құрылған бірлескен комиссия төрағасы болып депутат Үнзила Шапақ сайланды.