homepage
Yvision.kz

Бауыржан Байбек қандай қызметке тағайындалды

08.05.2026, 10:51

Алматының бұрынғы әкімі, «Nur Otan» (қазіргі AMANAT) партиясы төрағасының экс-бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Qazaq Kaolin компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Компаниядағы қызметі

Компанияның ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, Бауыржан Байбек 2022 жылдың наурызынан бастап компанияда кеңесші қызметін атқарған.

Ал 2026 жылдың сәуір айының соңында Ақмола облысында тау-кен байыту комбинаты іске қосылғаннан кейін директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалған.

Qazaq Kaolin – 2014 жылдан бері минералдық шикізат өндіру және қайта өңдеу саласында жұмыс істейтін компания.

Кәсіпорын Ақмола облысындағы Алексеевка кен орнында каолин өндірумен айналысады.

Сондай-ақ компания құрылтайшыларының қатарында Бауыржан Байбектің әкесі Қадырғали Байбек те бар екені айтылып отыр. Ол экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтің сыныптасы ретінде белгілі.

Қаңтар оқиғасынан кейін қайда кетті?

Еске салайық, Бауыржан Байбек 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін саяси сахнадан көрінбей кеткен болатын. Сол жылы ақпанда ол «Nur Otan» партиясындағы қызметінен босатылды.

Кейін оның Біріккен Араб Әмірліктері мен Жапонияда жүргені туралы ақпараттар тарады.

Бұған дейін Байбектің әпкесі Айгүл Байбек оның шетелде білім алып, инвестициялық және инновациялық жобалармен айналысқанын айтқан еді.

Атышулы Birgemiz қорында аты аталды

Компания сайтындағы өмірбаянға сәйкес, Бауыржан Байбек 2020-2022 жылдары «Birgemiz» қорының қамқоршылық кеңесін басқарған. Кейін бұл қор Перизат Қайратқа қатысты резонансты қылмыстық істе аталды.

Сот шешімімен қор жетекшісі Перизат Қайрат 10 жылға, ал оның анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға сотталған.

Іс барысында Бауыржан Байбектің есімі бірнеше рет айтылғанымен, оған қатысты ресми айып тағылған жоқ.