Шығыс Қазақстан облысында балабақша есепшісі мен меңгерушісі бюджет қаражатын заңсыз иемденді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, Үлкен Нарын ауданы прокуратурасы «Малонарым ауылының балабақша-бөбекжайы» мекемесінде тексеру жүргізген.
Нәтижесінде есепшінің үш жыл бойы өзінің және балабақша меңгерушісінің шотына артық жалақы аударып келгені анықталған.
Сонымен қатар қызметкерлерге төленуі тиіс салықтар мен міндетті әлеуметтік аударымдарға арналған қаражат та заңсыз пайдаланылған.
“Осы уақыт ішінде балабақшаның 18 қызметкері үшін жеке табыс салығы, зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар төленбеген”, – делінген прокуратуар хабарламасында.
Прокуратура дерегінше, жалпы сомасы 42 млн теңгеден астам қаражат заңсыз аударылған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу барысына қатысты өзге мәліметтер жария етілмейді.