7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Астананың қақ ортасында, «Астана Арена» стадионының ашық алаңында ауқымды мерекелік концерт өтті. Кеш бойы шырқалған патриоттық әндер мен заманауи хиттер мыңдаған көрерменнің басын қосып, елорда тұрғындарына ерекше жігер сыйлады.
Мерекелік шараның басты ерекшелігі оның ашық аспан астында және барша жұртшылық үшін тегін өтуі. Кеш басталмай жатып-ақ алаңға жиналған халықтың қарасы қалың болды. Сахна төрінде Маржан Арапбаева, Raim, Досымжан Таңатаров, Қайрат Баекенов сияқты эстрада жұлдыздары мен «ABYROI», «JOSHY QAZAQ NATIONAL GROUP» секілді талантты топтар өнер көрсетіп, көрерменді бірде лирикалық әуенмен тербесе, бірде жігерлі хиттермен би билетті.

Концертке келген қала тұрғындары кеш бағдарламасының тәрбиелік мазмұнына мән қойды. Әсіресе, жастар рухты әндерді орындаушылармен қосыла орындап, жігерін жаныды. Солардың бірі - қала тұрғыны Жарқын Кенжесары.
«Мереке өте жақсы өтіп жатыр. Шыны керек, концерттерге әдетте көп келе бермейтінмін. Бірақ бүгінгі атмосфера бөлек. Жігіттердің рухын көтеретін әндер айтылып жатыр. Қазақи, патриоттық әуендер адамға ерекше жігер береді екен»,– дейді ол.
Кеш тек жастардың ғана емес, жиналған түрлі буын өкілдерінің көңілінен шықты. Концертке астаналықтардың дені отбасымен келіпті. Қала тұрғыны Азиза Саятовна балаларының қуанышын былайша жеткізді:
«Концерт өте тамаша өтіп жатыр. Мерекелік көңіл-күйіміз жоғары, бүгін мұнда балаларымды алып келдім. Олар сахнадағы шоуды көріп, таңданып, мәз-мейрам болып қуанып жүр. Мұндай патриоттық әндер адамның көңілін көтеріп қана қоймай, Отанға деген сүйіспеншілікті арттырады ғой»,– деп ағынан жарылды елордалық ана.

Концерт бағдарламасы барлық жастағы тыңдарманның талғамына сай құрылған. Досымжан Таңатаровтың қоңыр дауысымен айтылған әндері үлкен буынды ұйытса, Raim мен BAYANSULU-дың заманауи тректері жастарды драйвқа бөледі.

Елорда әкімдігі ұйымдастырған бұл шара Отан қорғаушылар күнінің маңызын ұлықтап қана қоймай, қала халқының ауызбіршілігін арттыра түскендей. Кеш соңына дейін тарқамаған көрермендер қауымы ұйымдастырушылар мен өнерпаздарға ризашылықтарын білдіріп жатты. Бұл кеш Астананың мәдени өміріндегі ең жарқын сәттердің бірі ретінде есте қалатыны анық.