Ер адамдардың физиологиясы мен психологиясы туралы көптеген қызықты дерек бар. Ғалымдардың айтуынша, олардың мінез-құлқы, эмоцияны қабылдауы мен дене ерекшеліктері эволюцияға, гормондар мен қоғамдағы рөлдеріне тығыз байланысты болып келеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мамандар ер адамдардың тәуекелге көбірек баратынын айтады. Бұған ағзадағы тестостерон деңгейі әсер етеді. Сондай-ақ олар экстремалды жағдайда тез шешім қабылдап, мәселені әрекет арқылы шешуге бейім келеді.
Зерттеулерге сәйкес, ер адамдар кеңістікте жақсы бағдар ұстайды және жалпы көрініске мән беріп, ұсақ-түйекке аз назар аударады. Ғалымдар мұны ежелгі аңшылық дәуірінен қалған эволюциялық ерекшелікпен байланыстырады.
Физиологиялық тұрғыдан ерлердің терісі әйелдерге қарағанда қалыңырақ болады. Сонымен қатар олардың денесінде бұлшықет массасы көбірек болғандықтан, ағза энергияны көп жұмсайды және калория қажеттілігі де жоғары.
Мамандар ер адамдардың эмоцияны сыртқа сирек шығаратынын айтады. Көп жағдайда олар сезімді сөзбен емес, іс-әрекет арқылы білдіреді. Қоғамдағы «берік болу» түсінігі ерлердің ішкі сезімін жасыруына әсер ететіні де айтылады.
Сондай-ақ ер адамдар түстердің реңктерін ажыратуда әйелдерден әлсіздеу келеді, жиі терлейді және жасы ұлғайған сайын шаш түсу мәселесіне көбірек тап болады.
Психологтардың пікірінше, ер адамдар үшін ең маңызды дүниелердің бірі – еңбегінің бағалануы мен мойындалуы. Олар мақтауды сирек естігенімен, қолдау мен сенімді жоғары бағалайды.
Дереккөз: adme.media