homepage
Depositphotos.com

Алматыда студент биіктен құлап, көз жұмды

07.05.2026, 15:36

Алматыдағы жоғары оқу орындары бірінің студенті өз-өзіне қол жұмсады. Бұл ақпаратты қаладағы оқу орнының баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Кеше мессенджерлерде белгісіз жас жігіттің сессия тапсыра алмағандықтан өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тарады.

Алматыдағы ЖОО баспасөз қызметінің мәліметінше, 6 мамырда таңғы сағат 9.00 шамасында 1 курс студенті сегізінші қабаттан құлап, оқиға орнында көз жұмған. Жас жігіттің грантта оқығаны белгілі болды.

Университет психологиялық қолдау қызметінің мәліметі бойынша, оқу жылы ішінде студент психологиялық көмекке жүгінбеген және мамандардың есебінде тұрмаған.

"Оның психологиялық жағдайына қатысты ешқандай шағым немесе белгі түспеген. Оқытушылардың айтуынша, студент жақсы оқыған және тәртіптік ескертулері болмаған", - деді баспасөз қызметі.

Университет басшылығы қаза тапқан студенттің отбасымен кездесіп, қайғыға ортақтасып көңіл айтқаны және жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізгені хабарланды.

ЖОО баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған факт бойынша құзыретті органдар тексеру және тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Қалалық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты әзірше пікір білдірген жоқ.