homepage
juzmedia.kz

Ипотеканың ең жоғары мөлшерлемесі қашан 20%-ға төмендейді

07.05.2026, 14:23

Қазақстанда ипотека бойынша шекті мөлшерлеме (ЖТСМ) төмендейді. Бұл өзгеріс 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Қазір мөлшерлеме 25%, енді 20% болады, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Krisha.kz жазуынша, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк былтыр қазанда мөлшерлемені төмендетуді кейінге қалдырды, енді оның мерзімі аяқталды.

Бұл қандай мөлшерлеме?

ЖТСМ — жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі. Бұл несиенің толық құны.

Оған мыналар кіреді:

  • банк комиссиясы,
  • сақтандыру,
  • қосымша төлемдер.

ЖТСМ-нің төмендеуі қарыз алушыларға қалай әсер етеді?

Банктер барлық төлемді қоса есептегенде ипотеканы 20%-дан жоғары мөлшерлемемен бере алмайды.

Ипотека беру шарттары өзгере ме?

Бұған дейін билік 1 шілдеден бастап елде ипотека беру ережесі өзгереді деді.

Екі шекті мөлшерлеме пайда болады:

  • 20% — бастапқы жарна 30% және одан жоғары болса;
  • 25% — 30 %-дан аспаса.

Алайда бұл туралы әзірге нақты мәлімет жоқ.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі екі мөлшерлеме енгізу жоспарда бар екенін, оны әзірге әзірлеп жатқанын, жеке нормативтік-құқықтық актімен қабылданатынын хабарлады.

Балама шешім қабылданбаса, банктер ипотека беруді қайтадан азайтуы мүмкін, былтыр да осындай жағдай болған. Бұл шектеу екінші нарыққа қатты әсер еткен.

Басқа несиелер бойынша мөлшерлеме қандай?

Агенттік басқа несие түрлері бойынша мөлшерлемені бекітті.

Банк несиелері:

  • кепілсіз: 46 %-ға дейін;
  • кепілмен: 35%-ға дейін.

Микрокредиттер:

  • стандарт: 46%-ға дейін;
  • қысқа мерзімді (45 күнге дейін және 45 АЕК-тен аспайтын — 194.6 мың тг) — тәулігіне 0.3%-дан аспайды, жылына 179%-дан аспайды.

Жаңа ереже қашан күшіне енеді?

Қаулы ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң, яғни 16 мамырдан бастап күшіне енеді.
Ипотека мөлшерлемесі 2026 жылғы 1 шілдеден бастап 20%-ға дейін төмендейді.