homepage
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі

Астанада «Әділет» партиясының құрылтай съезі басталды

07.05.2026, 12:24

2026 жылғы 7 мамырда Астанада «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі басталды. Съезге Қазақстанның барлық өңірлерінен 1000-ға жуық делегат қатысып жатыр.

Съезд аясында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес партия қызметін ресми түрде бастау үшін қажетті шешімдер қабылданады. Партия өз бағдарламасында «Заң мен тәртіп» қағидаты әділеттіліктің басты негізі екенін атап көрсетеді.

«Әділет» партиясының негізгі құндылықтары ретінде әділдік, отаншылдық, жауапкершілік, еңбекқорлық және даму айқындалды. Партия өз бағдарламасында заң әлсізге қатаң, ал күштіге ыңғайлы болмауға тиіс екенін ерекше атап өтеді. Өйткені құқық нормаларын іріктеп қолдану азаматтардың сенімін әлсіретіп, әділдік қағидатына күмән тудырады.

Партия Қазақстанда кез келген адал еңбек мамандығына және жұмыспен қамтылу нысанына қарамастан әділ әрі лайықты бағаланатын жағдай қалыптастыруды мақсат етеді. Жан-жақты жаңғырту бағытын қолдай отырып, еліміздің технологиялық, зияткерлік және институционалдық дербестігін қалыптастыруды қолдайды.

Бағдарламалық ұстанымдарда адами капиталды нығайтуға ерекше назар аударылған. Бұл денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, мәдениет және креативті индустрияларды дамыту арқылы жүзеге асырылады. Партия медицинаны формалды есепке емес, адам денсаулығына бағытталған модельге көшіруді қолдайды. Сондай-ақ алғашқы медициналық көмекті күшейтіп, медицина қызметкерлері үшін лайықты еңбек жағдайын жасау қажет деп есептейді.

Партия елдің шынайы бәсекеге қабілеттілігі өңірлердің теңгерімді дамуымен тығыз байланысты деп есептейді. Сондықтан әрбір өңір мемлекеттік қолдау мен даму мүмкіндіктеріне тең дәрежеде ие болуы тиіс.

«Әділет» партиясы халықаралық аренада Қазақстанның жауапты орта держава және жаһандық қайшылықтарды теңгеруге қабілетті тұрақтандырушы күш ретіндегі мәртебесін нығайтуды көздейді.

Сонымен қатар «Әділет» саяси жауапкершіліктің жаңа стандартын енгізуді ұсынады. Атап айтқанда, партиялар сайлаушылар алдында бағдарламаның әр тармағы мен берілген әрбір уәде бойынша тұрақты түрде жария есеп беруге тиіс.

Партия http://www.adilet-partiyasy.kz/kk цифрлық платформасын іске қосты. Платформа арқылы партияға мүшелікке өтініш беруге, бастамалар ұсынуға және қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылауға қатысуға болады.

«Әділет» партиясының мүшесі болу үшін Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған, Жарғысы мен Бағдарламасын мойындайтын азаматы болуы тиіс. Заң бойынша саяси бірлестіктерге қатысуға тыйым салынған тұлғалар партия мүшесі бола алмайды.

Еске сала кетейік, 15 сәуірде бастамашыл топ жаңа партия құру туралы ресми мәлімдеме жасады. Ал 16 сәуірде ҚР Әділет министрлігі тиісті хабарламаның қабылданғанын растады. Осылайша, 7 мамырдағы құрылтай съезі ұйымды құрудағы негізгі кезеңдердің бірі болды.

Партия съезге заңда белгіленген 5000 мүшелік межеден асып, 9 312 мүшемен келіп отыр. Сондай-ақ әр облыс пен республикалық маңызы бар қаладан кемінде 200 мүшеден тіркелу талабы да толық орындалды.

Құрылтай съезі – тек ресми рәсім емес, сонымен бірге Қазақстандағы саяси қатысу мәдениетін дамыту мен өкілді демократияны нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі.