homepage
Depositphotos.com

Қазақстанда қай өңірдің шенеуніктері көп жалақы алады

07.05.2026, 12:41

Мемлекеттік қызметкерлердің табысы еңбек өтілі, білімі мен лауазымдық деңгейі сияқты көптеген факторға байланысты әртүрлі болатыны белгілі. Дегенмен өңірлердегі ахуалды салыстыру үшін орташа айлық номиналды жалақы көрсеткішін негізге алуға болады, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Астана көш бастап тұр

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, мемлекеттік басқару және қорғаныс саласындағы ең жоғары жалақы елордада тіркелген. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елордадағы шенеуніктердің орташа айлығы 618 мың теңгеге жеткен. Бұл – республикадағы орташа көрсеткіштен 66 пайызға жоғары.

Екінші орында Алматы тұр – 418 мың теңге. Сондай-ақ жалақысы жоғары өңірлер қатарына Қызылорда облысы, Алматы облысы және Ақмола облысы кірді.

Ең төменгі көрсеткіш Жамбыл облысында (301,9 мың теңге) байқалды. Бұл елдегі орташа деңгейден 20%-ға аз. Сондай-ақ, Шымкент, Павлодар және Абай облыстарында да шенеуніктердің табысы төменгі сатыда тұр.

Айта кетерлігі, статистикадағы 372,2 мың теңгелік «орташа жалақы» ресми көрсеткіш қана. Ал шындыққа жақыны — 223,2 мың теңге көлеміндегі модальды (ең жиі кездесетін) жалақы. Номиналды табыс өскенімен, өткен жылы инфляцияның кесірінен нақты жалақы 1,1%-ға төмендеп, сатып алу қабілеті азайған.

Кімнің табысы жоғары?

Finprom.kz зерттеуіне сәйкес, мемлекеттік сектордағы ең жоғары айлықты судьялар алады – олардың жалақысы 1 млн теңгеден асады. Сондай-ақ ревизиялық комиссия төрағалары, орталық атқарушы органдардың басшылары мен түрлі деңгейдегі сарапшылардың табысы да жоғары.

Республикалық мемлекеттік органдар қызметкерлерінің орташа жалақысы 764 мың теңгеге жеткен. Ал ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлердің айлығы шамамен 246 мың теңге болған.

Сонымен қатар халықаралық қызметпен айналысатын және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы мамандардың да табысы жоғары.

Ал мемлекеттік сектордағы ең төмен жалақы алатын (90-120 мың теңге аралығында) мамандықтар қатарында техникалық қолдау қызметкерлері, хатшылар, жүргізушілер, аула сыпырушылар мен компьютер операторлары бар.