Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарға кредит бойынша кейінге қалдыру автоматты түрде рәсімделеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Fingramota.kz жазуынша, қызмет кезеңінде несие төлемдері тоқтатылып, пайыздар мен өсімпұлдар есептелмейді.
Сонымен қатар жеңілдік әскери қызмет аяқталғаннан кейін тағы 60 күнге сақталады.
2026 жылғы мамырдағы мәлімет бойынша, 36,5 мың әскери қызметші жалпы сомасы 7,7 млрд теңге болатын кредиттерін кейінге қалдыру мүмкіндігін пайдаланған.
Жаңа кредит алуға тыйым салынған
2025 жылғы 31 тамыздан бастап мерзімді әскери қызметтегі азаматтарға жаңа кредит рәсімдеуге шектеу енгізілді.
Банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтың әскери мәртебесін тексеруге міндетті. Егер адам қызметте болса, кредит берілмейді.
Сондай-ақ қызмет барысында берешекті өндіріп алу процестері де уақытша тоқтатылады.
Мемлекет әскери қызметшілердің жұмыс орнын сақтап, оларды тамақпен, медициналық қызметпен және тұратын орынмен қамтамасыз етеді.