Индонезияның Суматра аралында жанармай таситын автоцистерна мен автобустың соқтығысуы салдарынан кемінде 16 адам қаза тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ru.haberler.com мәліметінше, жол апаты 6 мамырда Оңтүстік Суматра провинциясындағы Солтүстік Муси-Равас округінде орналасқан Транссуматра тасжолында болған.
Жол апатынан кейін автоцистернадан жанармай төгіліп, ірі өрт шыққан. Оқиға орнына құтқару қызметтері дереу жетіп, үйінді астында қалған зардап шеккендерді эвакуациялауға кіріскен.
Төтенше жағдай қызметінің өкілдері апаттан кейін автобус ішінде қамалып қалған жолаушылардың өрттен қаза болғанын мәлімдеді.
Апат салдарынан 16 адам оқиға орнында көз жұмды. Ауыр жарақат алған тағы төрт адам ауруханаға жеткізілген.
Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тергеу басталып, жол апатының себептері мен қаза тапқандардың жеке басы анықталып жатыр.