Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Президент бұл мерекенің ел қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғап жүрген азаматтарға құрмет көрсетілетін ерекше күн екенін атап өтті.
“Мемлекеттік әрі қоғамдық маңызы айрықша мерекеде жауынгерлеріміздің ерен ерлігі, мықты рухы мен қайтпас қайсарлығы кеңінен дәріптеледі. Бұл – Қазақстанның қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен тыныштығын күндіз-түні қас қақпай күзеткен, сондай-ақ қазір Отан алдындағы борышын адал өтеп жатқан барша азаматқа құрмет көрсетілетін күн”, – деді Президент..
Мемлекет башысы сондай-ақ әскери қызметшілер мен күштік құрылым өкілдерінің кәсібилігіне, жауынгерлік дайындығына және халықаралық миссиялардағы еңбегіне жоғары баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет қорғаныс қабілетін нығайтуға және әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға әрдайым басымдық берілетінін айтты.
“Жаңа Конституцияда «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиетті парызы мен міндеті» деп жазылды. Осы аса маңызды тұжырым мемлекет пен халықтың тығыз байланысын, ел тағдырына әрбір отандасымыздың жауапты екенін аңғартады”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз құттықтауында Отан қорғаушыларға алғыс білдіріп, барша қазақстандықтарға денсаулық, амандық пен табыс тіледі.