Елордада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Соның бір айғағы - Сарайшық ауданында бүгін ашылған жаңа полиция пункті деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жаңа полиция бөлімшесі Нәжімеденов көшесі, 27 мекенжайындағы «Балауса» тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында орналасқан.
Нысан заманауи талаптарға толық сай жабдықталған. Жалпы ауданы 177 шаршы метрден асатын пунктте қызметкерлердің жұмыс істеуіне де, азаматтарды қабылдауға да барлық жағдай жасалған.
Салтанатты шараға Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев, аудан әкімі Мақсат Саматұлы және мәслихат депутаты Мадина Әжікенова қатысты.

«Тәртіп сақшылары халыққа барынша жақын болуы керек», деді генерал-майор Марат Төлебаев - Қауіпсіздік – полицияның қолжетімділігінен басталады. Жаңа пункттің ашылуы – тұрғындарға жақын болуға және олардың өтініштеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді»,– деді елорда бас полицейі.
Полиция департаментінің басшысы жаңа бөлімшенің мобильділігін арттыру үшін арнайы қызметтік автокөліктің кілтін табыстаса, аудан әкімдігі өз тарапынан жұмыс сапасын жақсарту мақсатында кеңсеге қажетті техникалық жабдықтарды сыйға тартты.
Бұл нысанның маңызы туралы аудан әкімдігінің ресми өкілі Әсемгүл Абсадыққызы былай деді:
Отан қорғаушылар күні қарсаңында және «Заң және тәртіп» қағидатын негізге ала отырып, бүгін Сарайшық ауданында тоғызыншы полиция пункті ашылды. Пункт 25 000 адамға қызмет етіп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мұнда учаскелік полицейлер үшін екі кабинет, кең холл және санитарлық бөлмелер қарастырылған

Айта кетерлігі, жаңа пункттің жауапкершілік аймағына әлеуметтік жүктемесі жоғары 7 нысан кіреді. Олардың қатарында «Нұрлы жол» теміржол вокзалы да бар. Ендігі жерде 7 полиция қызметкері осы аймақтағы қоғамдық тәртіпті күзетіп, тұрғындардың арыз-шағымдарына дер кезінде ден қоймақ.
Бұл қадам елордада қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру мен құқық қорғау органдарына деген сенімді нығайтудың айқын көрінісі болмақ.