Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданындағы Первомайский ауылында жол-көлік оқиғасы салдарынан үш жас жігіт көз жұмды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қайғылы жағдай түнгі уақытта болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл автокөлік ағашқа соғылған. Соның салдарынан көліктегі үш адам оқиға орнында қаза тапқан.
Тағы бір жолаушы тірі қалып, оған медициналық көмек көрсетілді.
Құтқарушылар оқиға орнынан қаза тапқандар мен зардап шеккен адамды шығару үшін арнайы жұмыстар жүргізген.
Ауыл әкімдігі марқұмдардың жақындарына көңіл айтып, бұл оқиға барша тұрғынға ауыр соққы болғанын жеткізді.
Сондай-ақ жергілікті билік ата-аналарға үндеу жасап, балаларымен жол қауіпсіздігі, жылдамдықты сақтау және көлік жүргізу кезіндегі жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтуге шақырды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, апатқа ұшырағандар жеңіл көлік ішінде болған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.