homepage
фото: Juzmedia.kz

Есілдің көркі – тазалық: Елордалық студенттер «Мөлдір бұлақ» акциясын қолдады

06.05.2026, 14:20

Астананың бас артериясы саналатын ерке Есіл өзені қала халқы көп жиналатын орындардың бірі. Сондықтан, оның таза болмағы керек. Бүгін, 6 мамыр күні Президенттік саябақтың жағалауына  100-ден астам жас жиналып, экологиялық акция өткізді. «Таза Қазақстан» республикалық науқанының «Мөлдір бұлақ» апталығы аясында өткен бұл шараға елордалық студенттер қатысты. Атап айтқанда, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті және «Томирис» колледжінің білім алушылары қатысып, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға өз үлестерін қосты. 

Қатысушылар таңғы сағат 11:00-ден бастап арнайы учаскелерге бөлініп, жағалауды қоқыстан, түрлі тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Шара барысында тек қоқыс жиналып қана қоймай, өзен экожүйесін сақтаудың маңызы туралы ақпараттық жұмыстар да жүргізілді.

Жастардың пайымынша, біздің қоғамға экологиялық мәдениет керек. Яғни, әрбір қазақстандық табиғатқа жанашырлық танытса бұл үлкен проблеманың басты шешіміне айналар еді. 

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы Есіл өзені жағалауын тазарту жұмыстарына Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті атынан 30-ға жуық студент қатыстық. Мұндай экологиялық акциялар қоғамның табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде маңызды рөл атқарады деп есептеймін. Өз басым еліміздегі экологияны қолдау мақсатында осындай бастамаларға тұрақты түрде қатысып келемін», - дейді университет студенті Мереке Лесбек.

Астана – қарқынды өсіп келе жатқан қала. Елорданың экономикасы еселенген сайын, қала халқының саны да артып келеді. Бұған жаз мезгілінде ел іші мен сырттан келетін меймандарды қоссаңыз, оның тазалығына талап күшей түседі. Осындай экологиялық акциялар оның әрбір ауданын таза әрі ұқыпты ұстап тұруға болады. Мысалы, бір Сарайшық ауданында «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында 7 000 тоннадан астам қоқыс шығарылған. 

«Жалпы аудан бойынша бұл акциялар дәстүрлі түрде өтеді, аптасына осы 2-3 «Таза Қазақстан» акциясын өткіземіз. Ауданымызда осы жылғы экологиялық акциясының басынан бастап 7000 тоннадан астам қоқыс шығарылды, 1500-нан астам ағаш отырғызылды. Жыл соңына дейін 8000 ағаш отырғызу жоспарда бар», - дейді Сарайшық ауданы әкімінің орынбасары Құдайберген Шұғыла. 

Жалпы, «Таза Қазақстан» науқаны 2024 жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды жоба. Бұл экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған кешенді стратегиялық бағдарлама. Ол қалалар мен саябақтарды ретке келтірумен қатар, ағаш отырғызу, су айдындарын ластанудан қорғау және қалдықтарды қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыру секілді бірнеше маңызды бағыттарды қамтиды:

  • Аумақты тазалау: қалаларды, саябақтарды, ормандарды және су қоймаларын қоқыстан жүйелі түрде тазарту;
  • Көгалдандыру: ағаштар мен бұталар отырғызу арқылы жаңа жасыл аймақтарды құру;
  • Су объектілерін тазарту: өзендердің, көлдердің және су көздерінің ластануымен күресу;
  • Экологиялық тәрбие: барлық жас топтары үшін табиғатты қорғау бағытында оқу іс-әрекеттерін жүргізу;
  • Қалдықтарды бөлек жинау: қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жүйелерін енгізу;
  • Биоәртүрлілікті сақтау: өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлерін қорғау.

Бесінші аптаға ұласқан «Мөлдір бұлақ» науқаны су ресурстарын сақтауға бағытталған. Осы орайда елордадағы абаттандыру жұмыстары маусым айының соңына дейін қарқынды түрде жалғасады деп жоспарланып отыр. Сарайшық ауданында алдағы уақытта жасыл желек санын арттыру мақсатында тағы бірнеше мың көшет отырғызылмақ.

Мұндай шаралардың басты құндылығы қоғамның назарын экология мәселелеріне аударып, әрбір азаматтың өз туған жеріне деген жауапкершілігін ояту. Тазалық табалдырықтан емес, әрбір адамның санасынан басталатынын ескерсек, «Таза Қазақстан» жобасы ұлттық жаңарудың үлкен қозғаушы күшіне айналып отыр. Есіл жағалауындағы бүгінгі қарбалас соның жарқын көрінісі. Бұл науқан мерзімсіз, тұрақты сипатта жалғасса, осылайша елдің экологиялық болашағын қалыптастырудың қазығына айналса деген тілек бар.