homepage
Juzmedia.kz

Бұралқы иттер туралы заңдағы өзгерістер: құжат Президенттің қол қоюына жіберілді

06.05.2026, 14:45

Мәжіліс жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға енгізілген өзгерістерді мақұлдап, құжатты Президенттің қол қоюына жолдады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Мәжіліс депутаты, AMANAT фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалды таныстырған баяндамада заңның негізгі тұжырымдамасы өзгеріссіз қалғанын айтты.

Атап айтқанда, елде бұралқы иттерді қайтарымсыз аулау моделі сақталады және бұл ұстаным Сенат тарапынан да қолдау тапқан.

Заңдағы маңызды жаңалықтардың бірі – қаңғыбас жануарлардың санын реттеу тәртібі мен мерзімдерін енді жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) өздері айқындайды.

Сондай-ақ жануарды өлтіру тек ветеринардың ресми қорытындысы негізінде және ерекше жағдайларда ғана жүзеге асырылады. Эвтаназия жаппай реттеу құралы ретінде алынып тасталған.

Құжатта үй жануарларын міндетті түрде тіркеу және чиптеу нормасы енгізілді. Депутаттардың пікірінше, бұл иесін анықтап, тастанды немесе агрессивті жануарлар үшін жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар заңда жануарларды ұстау, серуендету және олардың көбеюін бақылау талаптары қатаңдатылған.

Сенат енгізген түзетулерді Мәжіліс депутаттары қолдап, дауыс беру нәтижесінде көпшілік «қолдады». Енді заң Президенттің қол қоюына жіберілді.