Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов блогер Қайсар Қамзаға қатысты жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, блогерді Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі халықаралық іздеуге жариялаған.
«Қаржылық мониторинг агенттігіндегі әріптестеріміз блогерге іздеу жариялады. Оны елге қайтару мәселесімен Бас прокуратура айналысып жатыр», – деді С. Әділов.
БАҚ мәліметінше, Қайсар Қамза қазір Вьетнам аумағында жүр.
Тергеу деректеріне сәйкес, блогер бес жыл бойы әлеуметтік желілерде белсенді болып, ірі аудитория жинаған. Ол Instagram желісінде миллиондаған оқырманы бар парақша жүргізіп, сондай-ақ жүздеген мың қолданушысы бар жабық Telegram-арнаны басқарған.
Күдікті интернет-казиноны жарнамалап, пайдаланушыларды тіркелуге және құмар ойындарға қатысуға шақырған. Жеке парақшаларында сілтемелер мен промокодтар жариялап, сол арқылы жаңа қатысушыларды тартқан. Тергеу нұсқасы бойынша, ол осы қызметі үшін сыйақы немесе пайыз түрінде табыс алған.
Заңсыз табысты жасыру үшін криптоәмиян пайдаланылғаны анықталған. Сот санкциясымен 182 мыңнан астам USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.
Еске салайық, Қайсар Қамза биыл қаңтарда халықаралық іздеуге жарияланған. Кейін ол әлеуметтік желіде «бәрі жақсы» екенін жазған. Ал сәуір айында блогердің Камрань қаласында ұсталғаны белгілі болды. Операцияға Қазақстан ІІМ мен Интерпол қызметкерлері қатысқан.