homepage
polisia.kz

Есірткіге қатысы бар 76 шетел азаматы ұсталды

06.05.2026, 10:34

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биылғы төрт айда есірткі қылмыстары бойынша 76 шетел азаматы ұсталған. Олардың 23-і есірткі сатқаны үшін, үшеуі аса ірі көлемде сақтағаны үшін, ал 29-ы контрабандаға қатысы бар деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сонымен қатар шетелдіктердің қатысуымен есірткі өсіру, жарнамалау және насихаттау фактілері де анықталған.

Атап айтқанда, Қарағанды қаласында синтетикалық есірткі өндірісін қашықтан ұйымдастырды деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген шетел азаматы ұсталды.

Астана қаласында жалдамалы пәтерден 32 жастағы шетелдік ұсталып, одан 1,5 келі синтетикалық және каннабис түріндегі есірткі тәркіленді.

Алматы қаласында тағы бір шетел азаматы құрықталып, одан 1,2 келі «A-PVP» синтетикалық есірткісі табылды.

Ал Ақтау қаласында 21 жастағы күдікті есірткіні жасыру тәсілімен таратқан, одан 30 грамм «мефедрон» тәркіленді.

Министрлік мәліметінше, есірткі қылмысы трансұлттық сипатқа ие болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыс шетелдік әріптестермен бірлесіп жүргізіліп жатыр. 

Құзырлы орган ел аумағында есірткі өндіру мен транзитін ұйымдастыруға қатысты кез келген әрекет қатаң түрде тоқтатылатынын ескертті.