Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) әлемдік рейтингтің жаңартылған нұсқасын жариялады. Бұл тізімде қазақстандық спортшылардың да көрсеткіштері өзгерген.
Sports.kz жазуынша, олимпиада чемпионы Елдос Сметов 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бір саты жоғары көтеріліп, 23-орынға жайғасты. Оның еншісінде 1710 рейтинг ұпайы бар.
Осы салмақта өнер көрсететін тағы бір қазақстандық дзюдошы Мағжан Шамшадин бірнеше саты төмен түсіп, 1485 ұпаймен 26-орынға сырғыды.
Әлемдік рейтингтің алғашқы үштігінде де өзгерістер болды. Ресей спортшысы Аюб Блиев (4390 ұпай) бес сатыға көтеріліп, көш бастады. Екінші орынды француз Ромен Валадье-Пикар (3928 ұпай) сақтап қалды, ал үшінші орында жапониялық Рюю Нагаяма (3670 ұпай) тұр.
Елдос Сметовтің соңғы ірі жарысы – 2024 жылғы Париж Олимпиадасы. Онда ол алтын медаль жеңіп алған болатын.
Айта кету керек, Сметовтің рейтингтегі жоғарылауы оның жаңа жарыстардағы нәтижесіне байланысты емес. Бірқатар дзюдошының алдыңғы турнирлерден жинаған ұпайлары есептен шығарылып, соның нәтижесінде олар төмен сырғыды. Осы өзгерістерден кейін жаңартылған IJF рейтингінде Сметовтің орны жақсарды.