Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі дәрілік препараттарды сатып алу кезінде мемлекетке келтірілген ірі залалға қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу мәліметінше, «Интерфармсервис» ЖШС Дюшенн бұлшықет дистрофиясын емдеуге арналған дәрілерді Қазақстанға жалғыз жеткізуші болған және оларды бес жыл бойы медициналық ұйымдарға сатып келген. Аталған препараттарға өндіруші тарапынан шекті баға белгіленгеніне қарамастан, компания басшылығы қосымша пайда табу үшін заңсыз схема қолданған.
Атап айтқанда, жеткізу тізбегіне Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген өздеріне қарасты компанияны қосып, жалған мәмілелер жасаған. Соның нәтижесінде дәрілердің бағасы жасанды түрде көтеріліп, нақты құны жасырылған.
“Осы әрекеттердің салдарынан мемлекетке 3,7 млрд теңге көлемінде залал келген.
Бұдан бөлек, компания табысты жасыру үшін жалған кәсіпкерлер арқылы жалған шот-фактуралар рәсімдеп, 4 млрд теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған.
Сондай-ақ 637 млн теңгеден астам салық төлеуден жалтарған”, – деп мәлімдеді ҚМА өкілдері.
Тергеу барысында заңсыз табысқа алынған мүліктер де анықталды. Күдіктілер 32 пәтер, 11 автокөлік және 8 тұрғын үй сатып алған. Қазіргі уақытта бұл мүлікке тыйым салынды.
Іс бойынша екі күдіктіге үйқамақ, ал үшінші тұлғаға кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қазіргі таңда тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр. Тергеуге қатысты өзге мәліметтер заңға сәйкес жарияланбайды.