Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының бас сүйегі әлі күнге дейін табылған жоқ, оны іздестіру жұмыстары Омбы бағытында жалғасуы мүмкін. Бұл туралы Juzmedia-ның Ақ студиясына берген сұхбатында тарихшы, Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы мәлімдеді.
Оның айтуынша, Кенесары ханның бас сүйегіне қатысты түрлі болжамдар бар. Кей деректерде оның Санкт-Петербургтегі Эрмитажда немесе Омбыда сақтаулы екені айтылады. Алайда, бұл мәліметтердің ешқайсысы нақты ғылыми дәлелмен расталмаған. Сондықтан “табылды” деп кесіп айтуға негіз жоқ.
“Кенесары ханның бас сүйегі бар ма, жоқ па – әзірге нақты белгісіз. “Эрмитажда сақтаулы”, “Омбыда тұр” деген түрлі болжамдар айтылады, бірақ олардың ешқайсысы ғылыми түрде дәлелденбеген. Тіпті табылды дегеннің өзінде, ол міндетті түрде ғылыми әдістермен расталуы керек. Яғни, ханның ұрпақтарының ДНҚ-сымен салыстырып, оның расында Кенесарыға тиесілі екені дәлелденуі тиіс.
Сондықтан қазір бұл мәселеде нақты “бар” немесе “жоқ” деп кесіп айту қиын. Егер бас сүйек табылған жағдайда, Кейкі батырдың бас сүйегі сияқты елге қайтарып, жерлеу – тарихи парызымыз.
Бұл реттегі Ресейдің саяси ұстанымы туралы да нақты пікір айта алмаймын. Ғалымдар іздестіру жұмыстарын Омбы бағытында жүргізу қажет деген пікірде. Ресей тарапынан ресми түрде “табылмады” деген жауап келгенмен, бұл мәселені жабық күйінде қалдыруға болмайды, іздеу жұмыстары жалғасуы тиіс. Бірақ, Ресейлік ғалымдармен бірлесіп жұмыс істемей, оны өз бетімізше табу қиынға соғады.”