homepage
фото: ашық дереккөзден

Жартастағы жазу: вандалдар іздестіріліп жатыр

04.05.2026, 19:41

Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында вандализм дерегі тіркелді. Бәзбіреулер жартастарға жазу қалдырып кеткен. Қарағанды облыстық полициясы вандалдарды іздеуге көшті, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Бұл аймақта жақында ғана ауқымды экологиялық акция өтіп, жартастардағы жазулар өшірілген болатын. Атап айтқанда, 29 сәуірде еріктілер мен белсенділер таулы аймаққа барып, туристер қалдырған шимай-шатпақты өшіріп келген. Алайда, екі күн өтпей-ақ, 2 мамырда тазартылған тастарда жаңа суреттер мен есімдер пайда болыпты. 

Бұл жағдай аймақ тұрғындары мен қоғам белсенділерінің ашуын туғызды. Вандализмнің жаңа деректері туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тез тарады. Желі қолданушылары кінәлілерді жауапқа тартуды және ұлттық парктің табиғи нысандарының сақталуына бақылауды күшейтуді талап етіп жатыр. 

Қарағанды облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Қарқаралы ауданындағы табиғи ұлттық парк аумағында тастарға жазу жазу дерегі анықталды. Бұл нысандардың табиғи келбетінің бүлінуіне және өзгеруіне әкеп соқты. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері осы құқық бұзушылыққа қатысы бар адамдарды анықтау бойынша кешенді іс-шаралар жүргізуде. Олардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріліп, кінәлілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады», — деп хабарлады Қарағанды облысының полициясы.

Айта кетейік, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы вандализм актілері үшін әкімшілік жауапкершілік пен қомақты айыппұл қарастырылған.