Алматы облысы Қарасай ауданындағы «Алматы» олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК базасында спорттық құзға өрмелеуге арналған жаңа скалодром пайдалануға берілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Спорттық нысанның ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ халықаралық спорт ұйымдарының басшылары қатысты. Олардың қатарында Халықаралық ату спорты федерациясының (ISSF) президенті Лучано Росси, Еуропалық ату конфедерациясының (ESC) президенті Александр Ратнер, Болгария ұлттық олимпиада комитетінің президенті Весела Лечева және Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті Нұрсұлтан Шоқанов бар.
Жоба спортшылардың кәсіби дайындығын күшейтіп қана қоймай, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды нысан саналады. Жаңа скалодром отандық спортшыларға жыл бойы халықаралық стандарттарға сай жаттығуға мүмкіндік береді.
Бүгінде Қазақстанның спорттық құзға өрмелеуден ерлер құрамасы әлемнің үздік ТОП-5 командасының қатарына енген.

Скалодромның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Федерация президенті Нұрсұлтан Шоқанов нысанның маңыздылығына ерекше тоқталды.
«Бүгін – біз үшін ерекше күн. «Алматы» олимпиадалық даярлау орталығында заманауи скалодром ашылып отыр. Бұл – жай ғана спорт нысаны емес, құзға өрмелеу спортының жаңа даму кезеңі. Енді спортшыларымыз жыл бойы халықаралық деңгейде дайындалып, жаңа биіктерді бағындыра алады. Қазірдің өзінде ұлттық құрамамыз әлемнің үздік бес командасының қатарына кіріп отыр. Бұл – жүйелі жұмыстың нәтижесі. Біз алдағы уақытта да инфрақұрылымды дамытып, жаңа чемпиондарды тәрбиелеуге күш саламыз. Спортшыларға барлық жағдай жасалды, енді нәтиже олардың табандылығы мен еңбегіне байланысты болмақ. Әрбір жаттығу жаңа жеңіске жетелесін!» - деді Нұрсұлтан Нұрланұлы.
Айта кетейік, жаңа спорт нысаны елімізде құзға өрмелеу спортын дамытуға тың серпін беріп, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге негіз болады деп болжанып отыр.