Бүгін түнде Мәскеудің Мосфильм ауданындағы зәулім тұрғын үйге дрон құлады. Бұл элитаты үй Кремльден 5 шақырым жерде орналасқан. Мәліметті мегаполис мэрі Сергей Собянин растады.
«Алдын ала мәлімет бойынша, ұшқышсыз ұшу аппараты Мосфильм ауданындағы ғимаратқа тиді. Ешкім зардап шекпеді», – деп хабарлады қала басшысы.
Mash телеграм-арнасының дерегінше, дрон 36-қабаттағы үш пәтердің қабырғаларын зақымдаған. Куәгерлердің айтуынша, биік ғимараттың қасбеті опырылып, үй маңындағы автокөліктердің үстіне құлаған. Мосфильм көшесінде сынған әйнек шашылып жатыр.
Бұл оқиғадан соң Росавиация Домодедово мен Внуково әуежайларында уақытша шектеулер енгізілгенін мәлімдеді. Әуежай ұшақтарды тек «тиісті органдармен» келісу арқылы ғана қабылдап, ұшырады.