Қазақстанда 1–16 мамыр аралығында өтіп жатқан Dala.Camp ұлттық мал шаруашылығы экспедициясының қатысушылары жаппай қырылған ақбөкендерді анықтады. Бұл жағдай Баянауыл мен Курчатов аралығындағы аумақта, Жаңа Ақшиман ауылына болған.
Экспедиция қатысушыларының пікірінше, жануарлардың өлекселері далада ұзақ уақыт жатқан. Бұл олардың бір мезетте емес, біртіндеп қырылғанын көрсетеді.
Бақыланып отырған жағдайдың ықтимал себептерінің бірі - көбею кезеңімен байланысты табиғи биологиялық үдерістер болуы мүмкін. Бұл уақытта жануарлар әлсіреп, түрлі қауіп-қатерлерге осал келеді.
Turan қауымдастығы басқарма төрағасы, Dala.Camp қауымдастығының негізін қалаушы және экспедиция жетекшісі Жәнібек Кенжебаев:
«Өлекселер бұрыннан жатыр, ағарып кеткен. Біз өте көп мөлшерде қырылған ақбөкендерді көрдік, олардың көпшілігінің мүйізі бар. Бұл олардың күйлеу кезеңіне сәйкес келуі мүмкін. Осы уақытта жануарлар әлсіреп, жиі шағылысады, соның салдарынан өлім-жітім артуы ықтимал», - деп атап өтті.
Дегенмен, бұл жағдайға нақты баға беру үшін арнайы мамандар тарапынан қосымша зерттеулер қажет.
Экспедиция өз сапарын жалғастырып, сайын даладағы ахуалды бақылап, дерек жинауда. Жиналған мәліметтер алдағы уақытта мал шаруашылығы мен табиғи тепе-теңдіктің жай-күйін тереңірек зерделеуге негіз болмақ.
Еске сала кетсек, Dala.Camp ұлттық мал шаруашылығы экспедициясы 2026 жылдың 1 мамырында Астанада басталды. Бұл - Қазақстанның Turan мал шаруашылығы қауымдастығы ұйымдастырып отырған 16 күндік реалити-шоу элементтері бар далалық білім беру медиажобасы.