homepage
Астана қаласы бойынша тексеру комиссиясы

Астана әкімдігі 345 млрд теңгеден астам қаржыны тиімсіз жұмсаған

03.05.2026, 14:53

Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясы «Астана қаласының 2021–2025 жылдарға арналған даму жоспарының іске асырылуын талдау» нәтижелерін қарады,  деп хабарлайды Juzmedia.kz

Тексеру барысында даму жоспарын іске асыру кезеңінде мемлекеттік жоспарлау жүйесінің нормативтік-құқықтық және әдістемелік базасы бірнеше рет өзгергені анықталды.

Мамандардың пікірінше, бұл жоспарлау жүйесінің тұрақтылығына кері әсер етіп, ұзақмерзімді нәтижелерді нақты бағалауды қиындатқан.

Сонымен қатар есептілік пен мониторинг жүргізу кезінде бірқатар талаптардың жүйелі түрде сақталмағаны айтылды.

Нәтижелердің орындалмауы және тиімсіз жоспарлау

Талдау нәтижесінде 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары аясында 13 негізгі ұлттық индикатордың 76,5%-ы орындалмағаны белгілі болды. Бұл елорданың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу тәуекелін арттырған.

Жекелеген ұлттық жобалар көрсеткіштері жоспарға толық енгізілмеген немесе төмендетілген мәнде көрсетілген. Бұл мемлекеттік даму құжаттарындағы бастапқы мақсаттарға қол жеткізуге кедергі келтірген.

Қаржы тиімділігіне қатысты ірі заңбұзушылықтар

Тексеру қорытындысы бойынша бюджеттік қаражатты жоспарлау мен пайдалану барысында елеулі кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда:

  • 345,2 млрд теңге көлемінде жоспарлы шығындардың артық жұмсалуы тіркелген
  • 305,2 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланған
  • Кейбір қаражаттың игерілмеуі және есептілікте көрсетілмеуі жүйелі сипат алған
  • 2025 жылы игерілмеген қаражат көлемі 185,5 млрд теңгеге жеткен

Сондай-ақ 4 жыл бойы даму жоспары мен бюджет арасындағы нақты байланыс толық қамтамасыз етілмегені анықталды.

Тексеру комиссиясы анықталған бұзушылықтарды жою бойынша бірқатар ұсыныс берді. Олар Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына және Ұлттық экономика министрлігіне жолданатын болады.

Жалпы алғанда, талдау нәтижелері елорданың даму жоспарын іске асыруда басқарушылық тиімділікті арттыру және бюджеттік жоспарлауды жетілдіру қажеттігін көрсетті.