Иран билігі АҚШ-пен қақтығысты толық тоқтатуға бағытталған жаңа ұсыныстың жекелеген тұстарын жариялады. Жоспар Тегераннан Вашингтонға Пәкістан арқылы жеткізілген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Tasnim агенттігінің ақпаратына сәйкес, 14 тармақтан тұратын құжатта бірқатар маңызды шарттар қамтылған.
Атап айтқанда, өзара шабуыл жасамау кепілдігі, АҚШ әскерін Иранға іргелес аумақтардан шығару, теңіз блокадасын тоқтату, Иранның бұғатталған активтерін қайтару, өтемақы төлеу және санкцияларды алып тастау қарастырылған.
Сондай-ақ барлық бағытта, соның ішінде Ливандағы соғысты тоқтату және Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын реттеудің жаңа тетігін енгізу ұсынылған.
Бұған дейін АҚШ ұсынған 9 тармақтан тұратын жоспарда екі айлық бітім талап етілген. Алайда Тегеран бұл ұсынысқа жауап ретінде мәселелерді 30 күн ішінде шешуді ұсынып, басты назар уақытша бітімге емес, соғысты толық аяқтауға аударылуы тиіс екенін мәлімдеді. Қазір Иран АҚШ-тың ресми жауабын күтіп отыр.
Тақырыпқа орай: Әскери әрекеттер қайта жалғасуы мүмкін - Трамп Иран туралы
Еске салайық, 2026 жылдың 28 ақпанында АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастап, бірнеше қалаға әуе соққыларын жасаған. Бұған жауап ретінде Иран Израиль аумағына зымыранмен соққы беріп, Парсы шығанағындағы америкалық әскери базаларға шабуылдады.
8 сәуірге қараған түні тараптар екі аптаға атысты тоқтату туралы келісімге келген еді. Кейін бұл мерзім ұзартылғанымен, келіссөздер нәтижесіз аяқталды. Осы арада АҚШ Иран порттары мен Ормуз бұғазы арқылы өтетін жолдарға блокада жариялады. Ал Тегеран өз кезегінде бұғазды Парсы шығанағына бағытталған кемелер үшін жапқанын мәлімдеді.
Аймақтағы шиеленіс әлемдік энергетикалық нарыққа да әсер етіп, дағдарыс қаупін күшейтті.