Павлодар облысында кішкентай қыздың өліміне қатысты іс қаралып жатыр. Айыпталушы – 26 жастағы ер адам, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
"Ирбис TV" жазуынша, қайғылы оқиға 2025 жылдың қыркүйегінде Тереңкөл ауданында болған. Отбасында екі бала – үш жастағы қыз және жаңа туған ұл болған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ер адам қыздың өзінен туғанына күмән келтіре бастаған. Осыдан кейін балаға бірнеше ай бойы қатыгездік көрсетіп келген.
Прокуратура мәліметінше, әкесі баланы мойынорағышпен төсекке байлап қойып, түні бойы азаптап, ұрып-соғып отырған. Мұндай әрекеттер қаңтар айынан қыркүйекке дейін жалғасып, ақыры қайғылы жағдаймен аяқталған.
Қайғылы оқиға болған күні ол мас күйде болған. Айыпталушы көршісінің моншасында ішімдік ішіп отырған, кешкі сағат 10.00-ге қарай қызын үйінен алып кетуге барған. Сол жерде оны бірнеше рет ұрғаны айтылады, ал кейін қайтадан моншаға барған кезде бетон еденге лақтырып жіберген.
– Сағат шамамен 22:00-де қызымен бірге моншаға келіп, кіреберіс бөлмеде ашулы күйде, жұбайымен жанжалдан туған агрессия салдарынан баладан кек алуды көздеп, баланы өлтіруді көздейді. Ол қызын әдейі денесінен ұстап көтеріп, моншаның кіреберісіндегі бетон еденге лақтырып жіберген, – деді айыптау актісін оқыған Павлодар облысы прокурорының көмекшісі Елена Корнева.
Ауыл тұрғындары бүлдіршінді аудандық ауруханаға жеткізгенімен, алған жарақатынан бала көз жұмды. Балада бауыр жарылып, ішіне қан кету болған.
Ер адамға «Азаптау» және «Адам өлтіру» баптары бойынша айып тағылды. Оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр. Айыпталушы өз кінәсін мойындамай отыр.