Қазақстанда тұтынушылық несиелер бойынша мерзімі өткен берешек жыл басынан бері 10%-дан астамға артқан, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі LS-ке сілтеме жасап.
Ұлттық банк мәліметінше, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жеке тұлғалардың банктер алдындағы жалпы қарызы шамамен 1,1 трлн теңгеге жеткен. Бұл жыл басымен салыстырғанда 11,01%-ға көп.
“Берешектің басым бөлігі тұтынушылық несиелерге тиесілі – 988,05 млрд теңге (+11,3%). Одан кейін басқа мақсаттағы қарыздар – 73,5 млрд теңге (+9,2%) және ипотекалық несиелер – 29,6 млрд теңге (+6,1%)”, – делінегн хабарламада
Өңірлер бойынша ең жоғары берешек Алматы қаласында тіркелген – 328,7 млрд теңге. Екінші орында Астана тұрғындары – 101,2 млрд теңге, ал үшінші орында Шымкент қаласы – 88,3 млрд теңге.
Сондай-ақ қарызы көп өңірлер қатарында Қарағанды (70,1 млрд теңге), Түркістан (50,3 млрд теңге), Атырау (48,1 млрд теңге) және Жетісу (45,9 млрд теңге) облыстары бар.
Ал ең төмен көрсеткіш Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында байқалады – тиісінше 11,4 млрд және 13 млрд теңге.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов кейбір қарыз алушылар несие рәсімдеу кезінде табысын жасанды түрде арттырып көрсеткенін айтқан. Оның айтуынша, енді талаптар күшейтіліп, несие беру кезінде тек ресми табыс қана есепке алынатын болады.