homepage
Көліктегі полиция департаменті

Қазақстанда шетелдік мамандар үшін көші-қон жүйесі жеңілдетілмек

03.05.2026, 10:53

Қазақстанда шетел азаматтарының елге келуі мен жұмыс істеу тәртібі қайта қаралады. Билік көші-қон жүйесін жеңілдетіп, түсінікті әрі икемді етуге ниетті. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары –Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Министрдің айтуынша, ел күрделі әрі қатаң талаптарға негізделген жүйеден бас тартып, экономиканың нақты сұранысына бейімделген жаңа форматқа көшеді. Негізгі басымдық инженерлер, ІТ-мамандар, дәрігерлер мен инвесторлар сияқты сұранысқа ие кадрларға беріледі.

«Бір терезе» қағидаты мен цифрландыру

Жаңа өзгерістердің бірі – «бір терезе» қағидатының енгізілуі. Енді шетелдік азаматтарға қажетті барлық рәсімдер – мәртебе алу, жұмысқа рұқсат рәсімдеу және басқа да құжаттар бір жүйе арқылы жүзеге асырылады. Бұл түрлі мекемеге жүгініп, жүгіріп жүру қажеттілігін жояды.

Сонымен қатар құжаттарды қарау мерзімі қысқарады. Көптеген процесс цифрлық форматқа көшіріліп, артық келісімдер азайтылады. Бұл шешім қабылдау уақытын едәуір жеделдетуге мүмкіндік береді.

«Алтын виза» және жаңа мүмкіндіктер

Жаңашылдықтардың қатарында «алтын виза» тетігін енгізу жоспарланып отыр. Бұл – инвесторлар мен білікті мамандарға арналған арнайы құрал. Ол Қазақстанда өмір сүру мен жұмыс істеуге тұрақты әрі болжамды жағдай қалыптастыруға бағытталған.

Сондай-ақ шетелдік дипломдар мен жұмыс тәжірибесін тану рәсімі де жеңілдетілмек.

Қазіргі таңда бұл процесс бірнеше айға созылса, жаңа жүйе арқылы мерзімді қысқарту көзделіп отыр.

Бұл мамандардың еңбек нарығына тезірек араласуына жол ашады.

Бақылау әлсіремейді

Министрдің сөзінше, өзгерістер бақылаудың әлсіреуін білдірмейді. Керісінше, қадағалау тетіктері заманауи цифрлық форматқа көшіп, нақты әрі тиімді болмақ.

Жалпы, жаңа көші-қон саясаты Қазақстан экономикасына қажетті мамандарды тартуға, инвестиция ағынын арттыруға және елдің еңбек нарығын дамытуға бағытталған.