homepage
Depositphotos.com

Балалар лагері: ата-аналар мен ұйымдастырушылар нені білуі керек

02.05.2026, 16:20

Биылдан бастап лагерьлерді тексеру жүйесіне маңызды өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

 2026 жылғы жазғы демалыс маусымы қарсаңында Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа тексеру тетіктерін іске қосты. Белгілі болғанжай, енді мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын барлық лагерьлер ерекше тәртіппен бақылауға алынады.

Атап айтқанда, мониторингтік топтар лагерьлерді алдын ала ескертусіз барып тексеру құқығына ие болды.

Сонымен қатар әр нысанда ауыз су сапасы, топырақ құрамы, бөлмелердегі жарық пен ауа тазалығы қатаң тексеріледі.

Ал санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ лагерьлерге балаларды қабылдауға қатаң тыйым салынады.

Рұқсаты бар демалыс орындарының тізімі Комитет сайтында апта сайын жаңарып отырады.

Ата-аналарға 4 маңызды кеңес

Баланың демалысы қауіпсіз әрі жайлы болуы үшін мамандар мыналарды ұсынады:

  1. Тізімді тексеріңіз: Лагерьді тек Комитеттің ресми сайтында жарияланған «рұқсаты бар нысандар» тізімінен таңдаңыз.

  2. Денсаулыққа мән беріңіз: Баланы жіберер алдында медициналық тексерістен өткізіп, оның денсаулығындағы ерекшеліктер (аллергия, созылмалы аурулар) туралы ұйымдастырушыларға алдын ала ескертіңіз.

  3. Құжаттарды талап етіңіз: Лагерь қызметкерлерінің (әсіресе аспаздар мен тәрбиешілердің) жарамды медициналық кітапшалары бар екеніне көз жеткізіңіз.

  4. Шағымдану құқығы: Егер лагерьде санитариялық талаптар бұзылса немесе жағдай нашар болса, дереу аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бөлімшелеріне хабарласыңыз.

Лагерь иелері нысанның сыйымдылығын шектен тыс асырмауға және кез келген ауру белгісі байқалғанда шұғыл медициналық көмек көрсетуге міндетті.